КІТАПХАНАСЫЗ ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫ МҮМКІН ЕМЕС 446

КІТАПХАНАСЫЗ ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫ МҮМКІН ЕМЕС

05 қаңтар 2021 346 Оқу 1 минут

Жуырда Елорда мәслихатының депутаты Мирас Шекеновтың кітапханаға қатысты айтқан ұсынысы қоғам назарын айрықша аударғаны, жұртшылыққа жақсы мәлім. Депутат мырзаның пікірінше, елдің бас шаhарындағы кітапхана қорын цифрландырып, оны бір кітапхана желісіне біріктірген жөн. Ал басқасын қалалықтардың бос уақытын өткізуге арналған жаңа кеңістікке айналдырған дұрыс. Ол өз ұсынысын астана төріндегі кітапханаларға баратын оқырмандар санының жылдан жылға азайа түсуімен және кітапханаларға бюджеттен бөлінетін қаржы көлемінің ауқымдылығымен түсіндірген еді.

Бұл өз кезегінде әлеуметтік желіде жұртшылықтың екіұдай пікірталасын туындатқаны белгілі. Әрине, тосын ұсынысты қолдағандар да, оны сынағандар да табылды. Тіпті, кітапхананы «ескінің сарқыншағы» санайтындар да өз ойларынан хабар беріп қалды. Шындығында, күнделікті күйбең тірлікке қазіргі карантин тауқыметі қосылып, «сананы тұрмыс билеген» заманда адамдардың кітапханаға қатысты әралуан көзқарасының болуы, таңқаларлық емес. Оның үстіне, кейбір замандастарымыздың, өкінішке, соның ішінде жастарымыздың да жалпы кітап атаулыға қызығушылығының күннен-күнге азайып бара жатқаны да, жасырын емес.

Дегенмен, өркениеттің өсіп-өркендеуі барысында ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде жетіп отырған Әлемдік білім қайнары дәл осы кітапханаларда жинақталып, сақталып келе жатқаны, әмбеге аян. Күллі адамзаттың игерген игіліктерінің, сан ғасырлық тарихының алтын кені де осында шоғырланған. Өзіндік алтын арқауы сонау көне дәуірлерден бастау алатын кітапханалар бүгінде Баспа өнімдерін, құнды көне жазбалар мен сирек кітаптарды сақтаумен қатар, Ұлттық әмбебап ақпарат көздерін жинақтап, жалпы оқырманға насихаттайтын бірден-бір мәдениет ошағына айналып отыр.

Әсіресе, ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі заманда оқырман мен кітаптың арасындағы бірден-бір алтын көпір – осы кітапханалар екені, түсінікті болса керек. Ал кітапханашылар қауымы оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырып, қажетті әдебиетін тауып берумен бірге, мәдени-ағарту және ғылыми-көпшілік жұмыстарын ұйымдастырумен де шұғылданып келеді.

Әлеуметтік желідегі кітапханаларға қатысты қозғалған мәселеге Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі назар аударып, ойын айтты. «Жақында әлеуметтік желіде еліміздегі кітапханалардың рөлі туралы қоғам назарын аудартқан пікірталас болды. Шындығына келгенде, бұл мәселенің мән-жайы баршаға түсінікті болуға тиіс. Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанынан қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Сондықтан біз жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарауымыз қажет. Бұл ретте осы саладағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн»,- деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сонымен қатар ауыл мектептерінің кітапханаларындағы мәселеге тоқталған Президент: «Жақында Ұлттық кеңес мүшесі Рауан Кенжеханұлы да маған ауыл мектептерін және кітапханаларын жаңғырту жөніндегі жобасын көрсетті. Тағы бір маңызды міндет – мектеп кітапханаларының кітап қорын жаңалау және толықтыру. Қазір бұл кітапханалардың қоры ескірген әрі жұтаң. Әсіресе, көркем туындылар мен әдебиеттер тапшы. Қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлде жоқ. Оқушылардың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейді. Сонымен қатар оқу мәдениетін арттыру мәселесін кешенді түрде шешу үшін тілдік пәндер мен әдебиеттердің оқу бағдарламаларын қайта қарау керек. Білім және ғылым министрлігіне осы мәселелермен мұқият айналысуды және нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын»,- деп түйіндеді.

Осылайша, білім мен тарихтың кенен қазынасы шоғырланған кітапханаларға қатысты «тосын ұсыныстың» соңғы нүктесі қойылып, қоғамдағы қордаланған өзекті мәселенің оң шешім табатыны айқындалған болатын.

Мұнымен бірге, кейінірек өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова алдағы уақытта музейлер мен кітапханалардың, тіпті, табыс табуына да мүмкіндік берілетінін айтты.

«Қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда музейлер мен кітапханалар іске асыруға құқылы ақылы қызмет түрлерінің тізімі және олардан пайда табу тәртібі қарастырылған. Тізім сол кезде мемлекеттік мекеме нысанында жұмыс істеген кітапханалар мен музейлерге құқық беру үшін заңға енгізілген болатын. Бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес, егер ақылы қызметтер құқығы салалық заңдарда көзделмесе коммерциялық емес болып табылатын мемлекеттік мекемелердің нысанында құрылған ұйымдардың бұндай қызметке құқығы жоқ», - деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңда кітапханалар мен музейлерге табыс табуға мүмкіндік беретін норма кәсіпорындардың ақылы қызмет көрсету аясын шектейді. Осыған орай, заң жобасында бұл норманы тек мекемелер түрінде құрылған ұйымдарға ғана қолдану ұсынылып отыр. Яғни, «Кәсіпорындар «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының талаптарының аясында іске асыратын болады. Сонымен қатар, осы заң жобасы аясындағы ең маңызды нормаларының бірі, ол мемлекет 100 пайыз қатысатын ұйымдарды жекешелендіруге тыйым салатын түзету болып табылады».

Осылайша, биылғы күзде кенеттен күн тәртібіне қойылған елдегі кітапхана мәселесі, қоғам назарын айрықша аударды. Әрине, аталмыш мәдениет ошағының мән-маңызы ешуақытта жойылмақ емес. Жазба ескерткіштердің қоғамдық қоймасы ретінде ерте заманда пайда болған кітапханалар әркездегідей білім мен жалпы руханияттың алтын ордасы болып қала бермек. Көне кітапханалар көшін Әлемге әйгілі Александрия кітапханасы бастаса, Ұлы ғұлама Әл-Фарабидің туған қаласы Отырарда екінші ең ірі кітапхана болған. 9-11 ғасырларда Бұхара, Самарқан, Отырар, Үргеніш қалаларының ғылыми-әдеби кітап қорларымен даңқы шыққан.

Қазіргі уақытта елімізде, шамамен, 13 мыңдай кітапхана жұмыс істейді. Бұлар атқаратын міндеті мен кітап қорының құрамына қарай: көпшілік, ғылыми және арнаулы кітапханалар болып бөлінеді. Қоғамдық-саяси, кәсіптік, жалпы білім беретін басылымдарды ұсынатын көпшілік кітапханалар оқырмандарға жақсы таныс. Ал ғылыми және арнаулы кітапханалар белгілі бір ұйымдарға, мекемелер мен оқу орындарына қызмет көрсетеді. Бұлардың ішінде Орталық ғылыми кітапхананың республикалық маңызы зор. Еліміздегі аса ірі ғылыми ақпараттық орталықтың 90 жылдық тарихы, 6 млн кітап қоры бар! Кітапхананың негізгі «Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет» бөліміндегі кітап қоры – 91 мың, ал қолжазбалар – 22 мың данадан астам.

Қазақ даласында Ислам дінінің орнығуы қасиетті Құран Кәрімнің таралуымен тығыз байланысты болғаны белгілі. Осыған орай, діни кітаптар Мысырдан, Бұхара, Ташкент, Самарқан, Стамбұл қалаларынан жеткізілген. Қорда 300-ден астам Құран мен оның түсіндірмелері бар. Соның ішінде құнды жәдігерлердің бірі – Стамбұлда жарық көрген, күміс қорапшада бағалы тастармен әшекейленген шағын «Құран» кітабы. Мұнымен бірге «Хандар шежіресі», «Пайғамбарлар мен қожалар шежіресі», Ахмед Иүгінекидің «Ақиқат сыйы», Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикметі», Абайдың жеке хатшысы Мүрсейіттің қолымен жазылған өлеңдері, Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» сынды және басқа да халқымызға ерен еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың аса құнды еңбектері көздің қарашығындай сақталып келеді.

Ал өзекті тақырыпқа арқау болған Қазақстанның бас шаhарындағы кітапханаларға келсек, мұнда 18 көпшілік және балалар кітапханалары шоғырланған. Бұлардың қорында Әлемнің 100 тілінде шыққан бір миллионнан астам кітап бар.

Заманымыздың абыз қаламгері Ә.Кекілбаев: «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын»,- деген. Ендеше кітапхананы сөз ете отырып, оқырманға қалтқысыз қызмет көрсететін кітапханашылар еңбегінің де тиісінше ескерілгені орынды. Қарапайым мамандық иелері кітап қорын сақтап қана қоймай, адамзаттың құнды жәдігерлерін жұртшылыққа насихаттаумен де шұғылданады.

Өкінішке қарай, биыл мемлекеттен «кітапхана ісі» мамандығы бойынша бөлінген небары 40-50 гранттың біразы талапкерлердің бұл мамандықты таңдамауына байланысты бос қалған. Ал соның салдарынан бүгін – жоғары білімді жас мамандардың, ал ертең – білікті кадрлердің тапшылығы туындамасына, ал соның салдарынан кітапхана мәселесінің қордалана түспесіне кім кепіл?

Сондықтан осынау әмбебап салаға тиісінше басымдық беріп, кітапханашылар қауымының күнделікті адал қызметін бүгінгі заманға сай бағалап, жалпы лайықты мәртебесін беретін кез жеткені, түсінікті болса керек. Қазіргі күн тәртібіне қойылып отырған бұл мәселе, өз кезегінде оң шешімін табуы тиіс.

...Әлбетте, кітапсыз – адамның, кітапханасыз – қоғамның алға басып, өсіп-өркендеуі мүмкін емесі, әлмисақтан белгілі ақиқат

Ендеше әрқашан кітапханамыздың шамшырағы жарқырап, кітапханашыларымыздың мерейлі болғаны ләзім. Сол уақытта мәртебелі Кітап Әлемінің шетсіз де шексіз мұхитынан сусындаған қоғамның да ізгі рухы – биік, игі мұраты – өміршең болмақ

Гүлсамал ТӨРЕДИНҚЫЗЫ,

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің баспасөз хатшысы.