ИСЛАМДАҒЫ ҒЫЛЫМНЫҢ МАҢЫЗЫ 465

ИСЛАМДАҒЫ ҒЫЛЫМНЫҢ МАҢЫЗЫ

21 қаңтар 2021 325 Оқу 1 минут

Білім-ғылым – адамзат дамуының басты қозғаушысы.Ғылымды игеру адамзатты өзге жаратылыстан ажыратып тұратын ең басты ерекшелік. Хакім Абай «Ғылымсыз ақырет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» деп ғылым-білім іздену мен оның орны жайлы тамаша ой түйген.

Араб тілінде «ғылым» сөзі көбінесе білім, мағлұмат деген мағыналарға келеді. Бір нәрсені нақты үйреніп, сенуді ғылым дейміз. Білімсіздіктің, надандықтың антонимі болып табылатын «ғылым» сөзінен ғалым, мағлұмат, мұғалім және тағы басқа сөздер шыққан. Ислам ғалымдары ғылымды «Кісінің ақыл және сана сезіміне сыйымды мағлұмат» деп түсіндіреді. «Ғылым бір нәрсенің өз кейпінде танылуы».

Ғылым екіге бөлінеді, біріншісі – «Қадим ғылымы (О бастан бар болған ғылым)». Екіншісі, кейіннен берілген «Хадис ғылымы». Қадим ғылымы Аллаһ тағаланың заты және сипатына байланысты ғылым. Ол жаратылғандардың ғылымына ұқсамайды. Тек қана Аллаһ Тағалаға толық мағынада Алим деп айта аламыз. Өйткені тек қана Жаратушымыз барлық нәрсені толық білуші.

Хадис ғылымы – Жаратылғандардың ғылымы, яғни, Аллаһ тағаланың жаратқандарына берген ғылымы. Ол екіге бөлінеді. Біріншісі – «Қажетті ғылым». Ол адамның ізденіп үйренуін қажет етпейтін, өздігінен пайда болатын ғылым. Мысалы, нәрестенің анасын емуі, жүруі, жеп-ішуі, сөйлеп-күлуі, ненің үлкен, ненің кішкентай екендігін, ненің жұмсақ, ненің қатты екендігін білуі сияқты. Екіншісі «Назари және Истидләли» ғылым. Назар - сөздікте қарау, көру, ойлану, зерттеу нәтижесінде шешім беру деген мағынаға келеді. Истидләл болса дәлелге сүйену, дәлелдер келтіру деген мағынада. Назари және Истидләли ғылым адамдардың қалауымен, яғни қарау, көру, ойлану нәтижесінде сағаттар, күндер тіпті жылдар бойы ізденіп дәлелдеуі арқылы пайда болған білімі. Мұндай білімге құл, қалау және іздену арқылы жететіндігі үшін біз оған Иктисаби (еңбек арқылы қол жеткізілген) ғылым деп атаймыз. Аллаһ Тағала Құран кәрімде «Зүмәр» сүресінің тоғызыншы аятында «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» дейді. Тағы бір аятта «Сендерден иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді» делінген. Пайғамбарымыз да білім үйренудің мұсылмандар үшін өте маңызды парыз екенін көрсете отырып, былай дейді: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе Аллаһ тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым іздеушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер және жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді».

Өткен жұмада Астана қаласының «Хазірет Сұлтан» мешітінде Өскемен өңірінің өкіл имамы Ермек Мұқатай ағамыздың «Исламдағы ғылымның маңызы» тақырыбындағы уағызы ойға ой қосып, толғандырды. Уағыздың маңыздылығы жаңашылдыққа ұштасып, жастарға мотивация берер үндеу іспеттес болуында. XXI ғасыр - ақпараттық, сандық, нанотехнологиялардың дамыған заманында, жастарымыздың ақпараттық құрылғыларда шектен тыс отырып, ойлау қабілетін әлсіретіп, дайын ақпаратқа сүйеніп, уақытты зая кетіретіндігін тілге тиек ете келе, қазақ жастарының ғылым жетістігі дамыған қоғамнан пайдалы жақтарын ала отыра, өз қоғамымызға пайдасын тигізу, ғылымға тыңғылықты бет бұру турасында тұшымды пікір білдірді.

Жоғарыда «Қадим ғылымын» яғни о баста бар ғылымды атап өттік. Жәбірейіл періште арқылы Алланың алғашқы аяттары түскенін білеміз. Бұл жайлы Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өзі былай дейді: «Сол уақытта періште мені қапсыра құшақтап алды. Тынысым тарылып кетті. Бір уақытта мені қоя берді де: «Оқы!», – деп бұйырды. Мен «Оқу білмеймін», – деп жауап бердім. Ол мені қайта құшақтап «Оқы!» деді. Мен оқи алмайтынымды айттым. Жәбірейіл періште үшінші рет қысқанда «Нені оқиын?» деп сұрадым. Сонда ол мына аяттарды оқыды:

اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ. خَلَقَ الْإِنسَانَ مِنْ عَلَقٍ. اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ. الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ. عَلَّمَ الْإِنسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ

«Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен».

Осы аяттар арқылы сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) о баста бар ғылымды меңгеріп, алған білімін бойына дарытып, амал қылып оны сүннетке айналдырды. Мұның бәрі пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) берілген ақпарат еді. Сол білімнің, ақпараттың біздің ағзамызда, бойымызда бар болуы, сақталуы турасында тұжырым жасаймыз. Жоқтан бар жасап, заңдылықтар ашып, ғарыштаған жаһандану заманының технологияларын ойлап табуымыз ДНҚ-лар арқылы берілген ақпараттар арқылы келуі мүмкін деген ойға келеміз. Ғылымға құштар әр пенде Алла Тағаланың нұрына шомылып, болмысындағы ақпараттарды, рухани күші «нұр кодын», «ұлттық кодын» сыртқа шығарып, бабаларымыздан қалған тарихымыздың бәрін сүзіп әкеліп, санаға сілкініс жасап ғылымға, қоғамға пайдалы дүние не ілім ойлап табады. Заманауи форматтағы ойын XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың басында өмір сүрген мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би Асан қайғының терең философиялық толғауларымен ұштастырады.

 

Таза, мінсіз асыл тас

Су түбінде жатады.

Таза, мінсіз асыл сөз

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас

Жел толқытса шығады,

Ой түбінде жатқан сөз

Шер толқытса шығады, -

дей келе, санамызда сақталған ақпараттарды ой толқыту арқылы ғылымға жаңашылдықтар әкеліп, заманауи сауатты, рухани сау ұрпақтарды заман талабына сай тәрбиелеп, білім жолына табандылықпен қанат қақтыру ауадай қажет екендігін сөз етеді. Рухани жаңғыру жолында осы сынды шын жанашыр, ескіліктен ада, өз саласының білімді азаматтары керек-ақ.

Хазіреті Алидің: «Малды сен қорисың, ал ғылым сені қориды» деген сөзінің астарында терең мән жатыр. Ендеше ғылымға бас қойып қана елімізді, ұлтымызды шыңдарға сүйрей аламыз. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Халық қанша бай болса да уақыт өте келе бүкіл байлығы білімді халықтардың қолына өтеді», - деп, білімдінің болашағын болжаған-ды.

Ислам дінінің өміршең қағидалары адамдарды тек қана дамып өркендеуге, ғылымның шыңына шығуға үндейді. Ғасырлар бойы төрткүл дүниені аузына қаратып, мәдениет пен ғылымда өзгелерден оқ бойы озып шығып, оларға жетекшілік еткен кешегі ғалымдар сияқты боламыз десек, алған білімдерін өмірлерінің әр саласына шамшырақ ете білуі керек. Сонда ғана Алланың алдында абыройымыз өсіп, еткен еңбегіміз келешек ұрпаққа шамшырақ болып жағылады.Тал бесіктен көр бесікке дейін білім іздеуді, талпынуды тоқтатпайық!

                                                                                                Жанат АРНАГҮЛ, педагогика

ғылымдарының

                 магистрі