ТАЗАЛЫҚ - МҮМИННІҢ АЙНАСЫ 437

ТАЗАЛЫҚ - МҮМИННІҢ АЙНАСЫ

28 желтоқсан 2020 981 Оқу 1 минут

Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) «Дін – бұл тазалық», «Тазалық – иманның жартысы» деп келген мүбәрак хадистерінен діндегі тазалықтың маңыздылығын ұғына түсеміз.

Бұрынғы ата-бабаларымыз да тазалыққа қатты мән берген. Мәселен, әжелеріміздің жай ғана күміс білезік тағуының мәні тереңде жатыр. Біріншіден, әшекей бұйым ретінде болса, екіншіден тазалық тұрғысында таққан. Себебі, күміс микробтардың себебінен туындайтын жұқпалы аурулардың алдын алады деседі. Демек, ислам діні барлық зұлымдықтан адамның руханиятын қорғау құралы болса, тазалық – аурудың қоғамда таралуына жол бермейді.

Ислам діні мұсылманның тән тазалығын да, рухани тазалығын да бірдей қамтиды. Сондықтан мүмин адамның барлық болмысы, сыртқы және ішкі дүниесі де таза болуы керек. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл турасында: «Адамның денесінде бір кесек ет бар, егер ол сау болса, бүкіл дене сау болады, ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Әлбетте, ол – жүрек» дейді. (Бухари, Мүслім). Мұнда мұсылманның ниетінің тазалығы, амалдағы шынайылығы, ықыластылығы меңзеліп тұр.

Құран Кәрімнің көптеген аяттарында және хадистерде тазалық мәселесіне ерекше тоқталған. Мысалы, «Мүдәссір» сүресінің 3-4-аяттарында былай деп келеді: «Киіміңді тазала. Әр түрлі лас істерден аулақ бол». Ал «Бақара» сүресінің 222-аятында Алла: «Күмәнсіз, Алла тәубе етушілерді жақсы көреді, әрі таза болушыларды да жақсы көреді». Дін – адамның рухани ластықтан арылтуды көздейді. Яғни, Алла Тағаланы танып, Оған мойынсұну және құлшылық жасауды, рухани танымын өсіріп, Жаратқанмен тығыз байланыс орнатуды қамтиды. Ал мұндай байланыс дұрыс жүзеге асу үшін оның шарттары дұрыс орындалуы қажет.

Исламдағы тазалық тақырыбы турасында дәретті айтпай кетпеске болмас. Ғалымдар дәрет алудың гигиеналық тұрғыдан да нағыз тазалық екенін алға тартады. Яғни, ислам рухани әрі материалдық тұрғыдан тазалыққа ерекше көңіл бөлгендіктен, мұсылманға намаздан бұрын дәрет алып, тазалануды бұйырған.

Дәрет - исламда кейбір ғибадаттарды іске асыру үшін және жеке басы ғибадат саналатын арнайы тазалану түрі. Бұл белгілі бір мүшелерді жуу және мәсіх етуден тұрады. Дәрет - негізінде дененің ең көп кірленетін мүшелерін тазалауды көздеген маңызды ғибадат. Сондықтан да мұсылман дәретсіз намаз оқып, Қағбаны тауап ете алмайды. Құранды да жалаң қолмен ұстай алмайды. Бірақ ашық тұрған Құранның бетіне қарап оқи алады. Дәреттің осы дүниелік әрі ақыреттік пайдалары көп. Бұл туралы хадистерде былай деп келеді:

«Кімде-кім әмір етілгендей дәрет алып, әмір етілгендей намаз оқыса өткен күнәлары кешіріледі» (Бухари, Уду /28).

«Кімде-кім дәрет алып, жүзін жуғанда, бет мүшелері жасаған күнәлары, аяқ-қолдарын жуғанда, сол мүшелермен жасаған күнәлары су тамшыларымен бірге ағып, өзі тап-таза болады» (Муслим, Таһарат / 32).

Ғұсыл - араб тілінде жуыну, шомылу деген мағынаны берсе, шариғат терминінде бүкіл дененің арнайы түрде толық жуылуын білдіреді. Діни термин ретінде «бүкіл денені арнайы жуу» деген мағынада үкім тұрғысындағы тазалықты білдіреді. «Мәидә» сүресінің 5-6-аяттарында: «Егер жүніп (бой дәретсіз) болсаңдар, толық тазаланыңдар (ғұсыл құйыныңдар)» - деп бұйырылып, жүніптік халінен құтылу үшін ғұсыл құйынудың қажет екенін білдіреді.

Намаз оқу кезінде киімнің, дененің, орынның да нәжістің барлық түрінен таза болуы керек. Оған Құранның: «Және киіміңді тазала!», – деген аяты дәлел. Бұл аяттағы киімді тиген нәжістен тазарту бұйрығы намазға тұрарда дененің де, намаз оқылатын орынның да нәжіс түрлерінен таза болуын қамтиды. Орынның тазалығы деп, намаз оқылатын жердің нәжістен таза болуы айтылады. Намаз оқылатын орын дегенімізде сәжде жасалғанда қамтылатын көлем көзделеді. Олар: маңдай мен мұрын, екі табан, екі тізе, екі алақан тиетін орын. Бұл көлемнің айналасында нәжіс болса, оның намазға зияны жоқ.

Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде тамақтану әдебіне қатысты: «Тамақтың берекеті ас ішуден алдын және кейін қолды жууда» - деп ескертуі де дініміздің тазалыққа құрылғандығын көрсетіп тұрғанын байқаймыз. Олай болса, тамақтанудан алдын және кейін қолды жуу - тазалықтың және тән саулығының басты кепілі.

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бірде: «Екі түрлі қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!» дегенде, сахабалар: «Әй, Алланың елшісі! Екі қарғыс алушы дегеніңіз кім?» – деп сұрайды. Ол:«Адамдар жүретін жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы» деген екен. Негізінде мұсылман бүлдіруші емес, бүтіндеуші, қиратушы емес дұрыстаушы, зиян келтіруші емес пайда әкелуші. Өкінішке қарай, кей адамдар тазалықты, әдепті сақтамаудың салдарынан мұсылман атына кір келіп жатады. Мәселен, көктем кездерінде табиғат аясына серуендеуге шыққанда қоқыстарды шашып, ағаштарды сындырып, тамақтардың қалдықтарын қалдырып кетіп жатады. Алла Тағала адамзатқа көптеген нығметтерді аманат қылып берген, соның ішінде өзіміз мекендеп жатқан қоршаған ортаны, табиғатты қорғауымыз керек. Себебі аманатқа қиянат жасамау да мұсылманның бір сипаты болып саналады. Ендеше, мүмин атымызға сай болып, жан мен тәнімізге де кір жуытпай, таза ұстайық ағайын!


Айбек Қабиев,

Ақтөбе қаласы, «Бақытжан» мешітінің имамы