НЕГЕ АЛДЫМЕН АНАҒА ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАЛАДЫ?
Ислам діні ата-ананы құрметтеуді бұйырады. Бұл туралы Алла Тағала Құранда: «Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны қинала жүріп (бірнеше ай) көтерді және қинала босанды. Оның ана құрсағында жатуы мен емшектен шығуы (ең кемінде) отыз айға созылады», – деп баяндады («Ахқаф» сүресі, 15-аят).
Бұл аятта ата-анаға, әсіресе анаға жақсылық жасаудың себебі анық көрсетілген. Яғни ана тоғыз ай баласын көтереді, оны қиналып туады, сосын сәбидің аузы тамаққа тигенше емізеді. Әлбетте мұның бәрі оңай жұмыс емес. Дегенмен ана өзінің мейірімділігі, сабырлығы және батылдығымен оны әдемі түрде сөзсіз орындап шығады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадистерінде ананы ерекше құрметтеу туралы айтып өткен. Бірде Алла елшісінің алдына бір адам келіп: «Кімге жақсылық жасайын?» – деп сұрайды. Ол: «Анаңа жақсылық жаса», – дейді. Әлгі кісі екінші рет сұрағанда да, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Анаңа», – дейді. Үшінші мәрте сұрағанда да: «Анаңа», – деп жауап береді. Төртіншісінде ғана: «Әкеңе», – деп айтады (Бұхари, Мүслим).
Неге ананы алдымен, әкені кейін айтты? Мұны ғалымдарымыз былай түсіндіреді: «Перзенттің дүниеге келуі, оны кішкентайынан тамақтандырып, тәрбиелеп өсіру барысында әкеге қарағанда ананың қызметі жоғары байқалады. Баланың пайда болуына ата-ана екеуі себеп болса да, әке оны көп сезіне бермейді. Ал ана оны тоғыз ай бойы құрсағында алып жүреді. Жүктілік себебінен әлсізденеді, жүрегі айнып басы айналады. Шарананы көтеріп жүрумен қатар денесі арқылы оны азықтандырады және басқа да қиындықтарды басынан өткізеді. Сосын перзенттің дүниеге келуі де аналар үшін үлкен емтихан. Ажалдың аузында тұрып, бала тууға разы болғаны, міне осы кезде білінеді. Бала туғаннан кейін де әке нәпақа тауып берумен ғана шектеледі. Ал баланы емізу, оған тамақ беру, жуындыру, жылағанда жұбату, түн ұйқысын төрт бөлу секілді өте көп ауыр істерді аналар орындайды. Сол себепті аналарды ұлықтап әкелерден жоғары қойып Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш мәрте «Анаңа жақсылық жаса» дегеннен кейін, төртіншісінде ғана «Әкеңе жақсылық жаса» деп айтқан». Сондықтан Ислам діні аналарға жоғары деңгейде құрмет көрсетуді бұйырады.
Хасан АМАНҚҰЛ,
«Мұнара» газеті, №5, 2023 жыл