Әйел-қыздар секторы «Тәуелсіздік - үлкен нығмет» атты семинар өткізді
Ақтөбе облысы «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен Республика күніне арналған «Тәуелсіздік - үлкен нығмет» атты семинар өтті.
«Кімде-кім өз үйінде (отбасының қасында) амандықпен ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң аттырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады» деген ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисімен сөз бастаған сектор жетекшісі, егеменді еліміз жер бетіндегі басқа мемлекеттермен терезесі тең, өркениетті ел ретінде танылып өзінің Елтаңбасын, Туын, Әнұранының мәнін әрбір ұрпақ терең түсініп, оны қастерлей білу керек екендігін баяндады.
Бостандық, еркіндік халқымызға оңайлықпен келмегені туралы, ендігі кезекте осы ұлы нығметтің қадірін біліп, оны аялай білу баршамызға үлкен аманат екенін атап өтті.
«Нұр-Ғасыр» мешітінің ұстазы Ақмарал Сансызбай: «Адам шыр етіп дүниеге келгенде, кіндік қаны тамған жерін – Отан дейді. Әрбір адамда Отанға, туған жерге деген ыстық сезім, үлкен махаббат болады. Алысқа жолаушылап кетіп, туған жеріне оралған сәтте тауы да, тасы да саған ыстық болып тұрады» дей келе, «Отан – оттан да ыстық» деп елін, жерін сүюге үндеген ата-бабаларымыз осынша байтақ даламызды қорғап қалып, ғасырлар бойы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жетуінің өзі Алла тағаланың берген нығметі екенін айтып өтті.
Одан өзге қаламыздың жоғары оқу орындарында оқитын сауат ашу курсының шәкірттері дайындайындаған слайдтар арқылы Қазақ мемлекетінің тарихына шолу жасалып, сұрапыл соғысты да, азапты да, ашаршылықты да, қуғын-сүргінді де ата-бабаларымыз тізесі бүгілсе де, еңсесі еңкеймей, иманы мен рухын асқақ ұстағаны туралы баяндады.
Шара соңында әжелер мектебінің мүшесі Шамашия Айжарықова Тарихта халқымыздың қиын-қыстау күн кешкен сәті ешқашан естен шығармай, Алланың берген үлкен нығметіне шүкірлік етуге үндеп, «Бабадан аманат болған ұлан-ғайыр жерімізде дін мен дәстүріміз әрқашан дәріптеліп, татулықты ту еткен еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деп жиылған қауымға батасын берді