Әйел ұстаздарға шариғат және пәтуа семинары өткізілді
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша Шариғат және пәтуа бөлімінің жауапты маманы Мұхаммедисмаил Шадманның өткізуімен, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде әйел ұстаздарға арналған «Шариғи пәтуа берудің заманауи мәселелері» атты тақырыпта семинар-тренинг өтті.
Наиб имам өз сөзінде шариғаттағы пәтуа берудің жауапкершілігіне тоқталды.
Атап айтқанда, «Пәтуа – бұл үлкен жауапкершілік», «Ғибадат және отбасы құқығына қатысты қабылданған пәтуалар», «Әлеуметтік желі арқылы сұрақ-жауап жүргізу тәртібі: ұйымдастыру, талдау және бақылау», «Қазіргі қоғамдағы қаржы және сауда қатынастарына қатысты пәтуалар» сынды тақырыптар бойынша Діни басқарманың әзірлеген пәтуалар легімен таныстырды. Сондай-ақ, қазіргі таңдағы шариғи пәтуа берудің заманауи мәселелеріне тоқталып, оның діндегі жауапкершілігін ерекше атап өтті.
Келелі басқосудың соңында семинарға қатысушылар ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің облыстағы жауапты маманына күніміздегі келелі мәселелер бойынша толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі