«Ізгі қоғам. Игі ана. Ілімді ұрпақ» атты зияткерлік сайысы  ұйымдастырылды 2905

«Ізгі қоғам. Игі ана. Ілімді ұрпақ» атты зияткерлік сайысы ұйымдастырылды

04 қыркүйек 2023 245 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласындағы «Бақытжан» мешітінде әйел жамағаты арасында ҚР Конституциясы мен Білім күніне арналған «Ізгі қоғам. Игі ана. Ілімді ұрпақ» атты зияткерлік сайысы өтті.

Аталған сайысқа 8 ана, 8 қыз балалардан құралған екі топ қатысты. Сайыс басында алғы сөз алған «Бақытжан» мешіті ұстазы Анар Қойшығұлова білімнің маңызы, Отан қадірі, ұрпақ тәрбиесінің жауапкершілігі туралы насихат айтты.

Сонымен қатар додадаға қатысушылар «Тұғыры биік Тәуелсіздік», «Тарих сыр шертеді», «Тұлғалар бейнесі», «Нұрлы Қазақстан», «Мақалдар сыры» атты кезеңдер бойынша білімдерін ортаға салды. Әр түрлі ұяшықтар арқылы еліміздің бүгіні мен өткеніне арналған сұрақтарға жауап берді. Портреттеріне қарап тарихи тұлғаларды танып, олардың ерен еңбектеріне тоқталып өтті. Бірлесе отырып еліміздің жарқын келешегі туралы сурет салды. Балалар қиялдарына ерік беріп, өз армандары мен тілектеріндегі нұрлы қазақ елінің жарқын болашағын елестетті. Ал ілім-білім, Отан, туған жер тақырыптарында берілген мақалдарды жалғастырып, мәніне тоқталып өтті.

Одан өзге сайыста аналар балаларының көпшілік алдында өзін еркін ұстауы, өнерін ортаға салуы, ойын еркін жеткізуі секілді жетістіктерін көріп қуанса, қыз балалар аналарының біліміне тамсанды. Бала тәрбиесіндегі тиімді тәсіл де өз үлгісімен көрсету, өнеге беру еді. Сол себепті де бұл зияткерлік сайыстың мақсаты орындалды.

Жарыс қортындысында сайыс жүлдегерлеріне мектеп сөмкесі, қолөнер бұйымдары, кітаптар естелік ретінде табысталды.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі