IV Республикалық азан жарысына ақтөбеден үміткер анықталды
Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиевтің қолдауымен, ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігіндегі «Құран» секторының ұйымдастыруымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Әдемі әуезді азаншы» атты Республикалық азаншылар жарысына өңір бойынша іріктеу сайысы өтті.
Сайысты облыстың Бас имамы Амантай Садиев ресми түрде ашып, жарыстың аса тағылымды екендігін жеткізіп, азанның маңызына тоқталды.
Іріктеу бәсекесіне Ақтөбе облысы бойынша Құран секторының жауапты маманы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Бекжан қари Әлденов пен облыстық мешіттің наиб имамы Нұрбол Смағұлов және Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Ералы қари Құлмағанбетұлы қазылық жасады.
Дода барысында азан шақырушы үміткерлер тәжуиді, махражы және мақамы бойынша бағаланды. Іріктеу сайысына Алланың асыл сөзі – азанды жаттаған Ақтөбе облысына қарасты қала, аудан мешіттерінен 23 үміткер имам қатысып, азан дауысы асқақтады.
Жарыс қорытындысы бойынша әділқазылар Ақтөбе қаласындағы "Әл-Латиф" мешітінің имамы Қанат Қасымовты үздік деп шешіп, оған IV Республикалық азаншылар жарысына жолдама берді. Ал 2 орынды «Әйтеке би» ауданының бас имамы Ғабидолла Тілес, 3 орынды Ақтөбе қаласындағы «Нұрлан Махаббатұлы» мешітінің имамы Ерлан Меңдіқұлов иеленді.
Одан өзге жүзден жүйрік жеңімпаздарға дін жанашырларының демеушілігімен 1 орынға 100 000 теңге, 2 орынға 70 000 теңге, 3 орынға 50 000 теңге, ал қатысқан әр қатысушыға 10 000 теңге сый мен мадақтама берілді.
Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Еске сала кетейік, Республикалық азаншылар жарысы Қарағанды облысында өтеді деп жоспарлануда.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі