Алла тағала Зекетті не үшін парыз етті?
Қайсыбір қоғамды алмайық оның ішінде бай мен кедей қатар өмір сүреді. Алайда Құдай Тағала мал-дүние, дәулет берілген құлдарына тиесілі бір парыз бекітті. Ол – зекет. Оларға зекетті парыз ету арқылы олардың назарын қоғамдағы тұрмысы төмендердің өміріне бір сәт аударуды қалайды. Әдетте төрт құбыласы тең, жағдайы түзік адам тұрмысы нашарлардың жағдайын сезіне бермейді.
Зекет Алла Тағаланың кітабында намаздың сыңары болып келген. Құран Кәрімнің қырықтан астам жерінде зекеттің намаз секілді парыз екендігі айтылған. Мәдинада һижреттің екінші жылы шәууал айында зекет барша дәулетті мұсылмандарға міндеттеліп, оның мөлшері мен нисап көлемі бекітілді.
Зекеттің адамдардың жанын тазартуда, мінез-құлықтарын жақсартуда ерекше бір әсері бар. Ол қоғамдағы түрлі дерттерге, қарым-қатынастардағы салқын қабақтылыққа қарсы таптырмас дауа. Ол үмбеттің ішкі байланыстарын нығайта түсетін берік жіптей жалғау. Мүшелерін біріктіреді, қажеттіліктерін өтейді, олардың арасындағы пақырлық пен мұқтаждықтың тауқыметін сыртқа ығыстырып шығарады. Қоғамдағы әртүрлі санаттағы топтардың арасындағы тартыстарды мәңгілікке тоқтатады.
Сондай-ақ, Нұр сүресінің 56-аятында барлық иман келтіргендерге арналған мынадай әмір бар: «Намаз оқыңдар және зекет беріңдер және елшіге бойсұныңдар, бәлкім, сонда Алланың мейіріміне бөленерсіңдер».
Сүннеттен дәлел келтірер болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұғаз ибн Жәбалді (р.а) Йеменге шығарып салып тұрып: «Алла Тағала олардың бай-дәулеттілеріне малынан зекет беруді парыз етті», - деп жеткіз дейді.
Осы орайда зекет берудің кісінің өзі мен қоғамға пайдасын айта кетсек болады:
1) Алла Тағала Құранда өзінің әмірлерін орындап, тыйымдарынан тиылған құлдарын ақыретте сый-сыяпатқа кенелтіп, өзінің мархаметіне бөлейді. Зекет те Алла Тағаланың бұйырған әмірлерінің біреуі, сондықтан орындаушысы уәде етілген сый-сыяпатқа кенеліп, Алланың ризашылығын алатыны сөзсіз.
2) Сонымен қатар 3екет – Тәубе сүресінде баяндалғанындай күнәлардың кешірілуіне себеп. Тәубе сүресінің 103-аятында Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) мұсылмандардан зекет алуды бұйырып былай деген: «Олардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал да сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылтқын әрі сауаптары мен ықыластарының арта түсуіне дәнекер болғын. Сондай-ақ, олар үшін дұға ет! Шынында сенің дұғаң олар үшін бір тыныштық. Алла бәрін естуші һәм білуші».
3) Зекет ғибадаты адамды өзімшілдік, сараңдық, дүниеқорлық, тәкаппарлық сияқты жиіркенішті қылықтардан сақтап, кішіпейілдік, жомарттық және кеңпейілдік сияқты жақсы сипаттарға тәрбиелеп баулиды. Табысының бір бөлігін тек қана Алла ризалығы үшін пақыр отандастары мен діндестеріне тегін беретіндей көңілге ие болған мұсылман баласы әрқашан елін, халқын, отанын ойлайтын азаматқа айналады.
4) 3екет – қоғамдағы бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартып, бауырмалдыққа тәрбиелейді. Бай кедейлерге мейірімділікпен қарап, байлығының белгілі бір бөлігін оларға тегін бергендіктен, кедей де оларға құрметпен қарап, олардың байлығы мен дүние-мүліктеріне сұқ көзбен қарап, қызғаныш, қастандық ойламайды. Осылайша қоғам бақытты, сенімді ғұмыр кешеді.
3) 3екет – қоғамдағы кедей-кепшіктердің орташа өмір сүрулеріне ықпал жасап, мемлекетті әлсіздіктен сақтайды.
Алла Тағала зекетін берген адамның өмірін берекелендіріп, күнәсынан тазартатындығы айтылады. Әбу Һурайра жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әр күні пенделер ұйқысынан оянған уақытта екі періште түсіп, оның біреуі: «Уа, Раббым! Жақсылыққа жұмсаушының дүниесін есесімен қайтар», - десе, екіншісі: «Уа, Раббым! Сараңды шығынға ұшырат», - деп тілейді деген.
Аллаға болған құлшылықтың басты мақсаты – адам өзі қалаған ісін емес, Аллаға ұнаған істі істеуі. Яғни, Алланың әмір еткен ісі көңіліне қатты жақын, қимас дүниесі болуы мүмкін. Алайда, адам сол ең жақсы көрген дүниесін Алла жолында бөлісуімен құлдығы шынайыланбақ.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Зекет – Исламның көпірі» деу арқылы әлеуметтік өмірдегі теңдікті сақтаудың негізі екендігін айтқан. Зекет – кедейлерді өмірдің тепершілігінен арылтып, байлармен тең өмір сүрулеріне көмектеседі. Өз кезегінде бұл байлардың мейірімін тереңдетіп, кедейлердің де байларға болған құрметін арттырады.
Сұлтанов Ерік Қонақбайұлы
Хромтау аудандық
«Нұр» мешітінің Бас имамы