ӘЗ-ПАЙҒАМБАР (ﷺ) ДАУЫСЫ
Құран Кәрімде:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَرْفَعُوا أَصْوَاتَكُمْ فَوْقَ صَوْتِ النَّبِيِّ وَلَا تَجْهَرُوا لَهُ بِالْقَوْلِ كَجَهْرِ بَعْضِكُمْ لِبَعْضٍ أَن تَحْبَطَ أَعْمَالُكُمْ وَأَنتُمْ لَا تَشْعُرُونَ
«Әй мүміндер! Дауыстарыңды Пайғамбардың даусының үстіне көтермеңдер. Өзара бір-біріңе дауыстағандай, Пайғамбарға дабырлап сөйлеспеңдер. Амалдарың жойылып, аңғармай қаласыңдар[1]», - деген әмір бар.
Бұл аятта мұсылманның Алла елшісімен (ﷺ) сөйлесу кезінде мән беруі талап етілетін әдеп жөнінде әңгіме қозғалуда. Мұсылманның дауысы Пайғамбардың (ﷺ) құзырында бәсең болуы ләзім. Сөйлесу барысында адамның даусынан құрмет пен қадірлеу, ардақтау мен қастерлеу байқалып тұруы қажет. Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) ардақты Пайғамбарымызға (ﷺ) сөйлеген кезде сыбырлап сөйлейді екен.
Қадірді пайғамбарымыз (ﷺ) бақилық болған соң бұл аятқа сахабалар ерекше мән берді. Олар Мадина (ﷺ) мешітінде дауыс көтеріп сөйлемейтін. Себебі, ол – Пайғамбар (ﷺ) мешіті. Халифа Омар бин Хаттаб (р.а.) заманында мешіт ішінде екі адам дабырлап сөйлесіп жатқан. Саиб бин Язид бұл жөнінде былай риуаят етеді: «Осы кезде бір кісі мені түртті. Қарасам, мұсылмандар әміршісі Омар бин Хаттаб екен. Ол кісі маған: «Барып анау екеуін маған ертіп кел», - деді. Кейін оларға: «Сендер кімсіңдер? Қайдан боласыңдар?», - деді. Олар: «Біз Таиф қаласынан келдік», - десті. Сонда халифа: «Алла елшісінің (ﷺ) мешітінде дауыстарыңды көтерудесіңдер. Егер сендер осы елдің адамдары болғандарыңда, жақсылап тұрып сазайларыңды тарттырар едім», - деген екен.
Табиғин ғалымдар тіпті хадис мәжілісінде дауыс көтеріп сөйлеуді әбестік деп білетін. Себебі, хадис – Пайғамбардың (ﷺ) сөзі. Хадис пен фиқһ ғалымы Хаммад бин Зайд (98-179һ.ж.): «Біз Аюб Сахтияни (66-131һ.ж.) құзырында отырған едік. Кенет у-шу дауыстар естілді. Табиғин ғалым: «Бұл не у-шу? Сендер хадис мәжілісі кезінде дауыс көтеру Пайғамбар (ﷺ) көзі тірісіндегідей дауыс көтеруге пара-пар екенін естімеп пе едіңдер?», - деп ескерту жасады.
Құрметті, бауырым! Міне, бұл ардақты пайғамбарымызға (ﷺ) деген сүйіспеншіліктің бір көрінісі. Салауат айтып, сүннетін өмірлік салт етуге әдет ет.
Мұса ЕРБАТЫР,
арнайы nurgasyr.kz үшін.
Ақтөбе қаласы
[1]Хужурат сүресі, 2-аят