Іштарлық – індет, көреалмаушылық – кесір
Іштарлық пен көреалмаушылық пәни дүниемен түйдей құрдас. Әлмисақтан бері адамзаттың көлеңкесіндей бір елі ажырамай келеді. Жер бетінде алғашқы қан төгіске себеп болған да – бауырлар арасындағы көреалмаушылық. Іштарлық Іблістің Алла Тағала мейірімінен қуылуына итермеледі. Адамзатпен мәңгі дұшпан етті.
Адамның жақсы қасиеті кемеліне жетіп, Құдайдың берген дарыны ұлғайған сайын, оны көрген әрбір кемшілігі бардың жүрегі сығылып, тынысы тарылады. Кісінің қуанышын көре алмайды. Жетістігі ұйқысын қашырып, мазасын алады. Салдарынан көңілінде жасырын ашу-ыза туады. Көреалмаушының өзегін өртеген от, кісі жақсылығынан айырылса ғана сөнеді.
«Ұлы тұлғалардың өмірлік жолы, өмір сүру салты, ұстанымдары мен ойлаудағы ерекшеліктері жетістікке жетелейді. Міне, осы қасиеттері ішітардың наразылығын тудырады деп ойлаушы едім»,- деп жазады Мұхаммед Ғазали. - Бірақ, кейін менің ойым қате екенін түсіндім. Өйткені, қабілетті адамдар жетістіктерімен адамзатқа көп пайдасын тигізеді. Сол үшін де адамдар оларға қарыздар».
Сонымен бірге, жетістікке жеткеннің артынан жұрттың қатал сыны қалмай, ілесіп жүреді. Әрбір жетістігін сынға алып, қолынан келгенше жоққа шығаруға тырысады. Сүріне кетсе немесе елеусіз қателігін іліп, түймедейді түйедей етуге дайын тұрғандар табылады. Неге бұлай етеді? Мұншама табалауының себебі неде?
Оның құпиясы сараң адамға жомарт оның үстінен мұқатып күліп тұрғандай сезінеді. Ақымақ зеректілікті өзіне жау санайды. Үнемі сәтсіздікке ұшырайтын адам, жетістік оны менсінбей тәкаппарлана қарап тұрғандай түйіледі. Міне, осылай... Ендеше, іштар мен көреалмайтындар тынышталу үшін қабілетті де дарындылар не істемек керек? Қабілеттінің бар «кінәсі» оның жетістікке жетуге деген жігерлілігі. Өштенген және көре алмай іші күйгендер айласы мен тұзағы ешуақытта таусылмаған. Көреалмаушы күйе жағу үшін адамның ерекше жетістікке жетуі де шарт емес. Сіңірі шыққан кедей өмірге дән риза болса, жеткілікті. Іштар оны да көреалмайды.
Бағдат шаһарында болған оқиға. Досына «бұл қаладан көшіп кеткім келеді» дейді бір кісі. «Неге?»,- десе, «көрші-қолаң ылғи іштарлық етеді. Көре алмайды»,- дейді. Үйі қарапайым, адам қызығатындай ешбір бұйымы да, малы да жоқ. Досы аң-таң. Сонда міне қара да тұр, деп көршілері еститіндей етіп, даусын шығарып: «Қош болыңдар! Мұсылмандар әміршісі мені және пәленше мен түгеншені жазаға кесті»,-деп, қаладағы абыройлы екі-үш кісінің аты-жөнін қосып айтады. Сонда, көршісі: «Ей, оңбаған! Неге сені олармен бірге жазалайды?»,- деген көрінеді. Сонда кісі досына: «Көрдің бе, олар менің ығай мен сығай қатарында жазалануымның өзін қош көрмейді»,- дейді.
Олай болса, жөнсіз сын кісінің сағын сындырмауы тиіс. Керісінше жігерін қайрап, шыңдай түсуі қажет. Демек, мақсатына ұмтылған кісі мұндайға мән бермей, алға қарай сеніммен адым басады. Иә, ешуақытта үмітті сөндіріп алмаңдар. Сендер қорыққан жөнсіз сын мен дөрекілік, батыл қадамдарың мен күш-жігерлерің дұрыс бағытта екенінің айғағы.
Мұса ЕРБАТЫР