СУРУРИТТЕР
Суруриттер – Саудия мемлекетінің елге Америка әскерлерін кіргізу шешіміне қарсы шығып, сол кездегі билікті күпірлікпен айыптаған мәдиналық сәләфи жамағат. Олардың басшысы Сириялық Мұхаммед әс-Сурури. Әлбани оларға осы суруриттер деген атауды беріп, үмбеттің харижиттері деп атаған.
Мұхаммед әс-Сурури 50-60 жылдары «мұсылман бауырлар» ұйымының белсенді мүшесі болған. Сәйд Құтыптың әділетсіз басшыға қарсы шығу керек деген идеяларын жалғастырумен қатар, сол кездегі ихуандарды дәстүрлі сунниттік бағытты ұстау жолында реформа жасауға шақырды. Алайда сириялық ихуандар (Мұхаммед әл Бәннаның ізін жалғастырушылар) бір ғана жолды ұстанып, өзге ағымдарды жамандау ихуандардың жағдайын әлсіретіп, халықты билікті құлатуға қарсы көтеруге кедергі келтіреді деп санайтын.
1967 жылы Сирия өкіметінің ихуандармен қақтығысуы нәтижесінде Мухаммед әс-Сурур Сауд Арабиясына қашады. Осында жүріп өз насихатарын жүргізеді. Оның ең белсенді шәкіртінің бірі Сәлман әл-Ауда, кейін осы саудиялық суруриттердің лидеріне айналады.
Кейін Раби әл-Мадхалидің олардың үстінен әрдайым билікке арызданып, сол кездегі сәләфи ғалымдарының көпшілігінен қолдау табуы нәтижесінде Мұхаммед әс-Сурур Ұлыбританияға қашуға мәжбүр болды. Міне сондықтан да мадхалиттер мен суруриттер бір-біріне қастықпен қарап, бір-бірін кінәлаумен келеді. Мадхалиттер оларды «құтыпшылар, ихуандар, харижиттер» деумен қатар, «тәкпіршілдер» деп те атайды. Орталығы Лондондағы «Шарқ әл-Аусат» (Таяу Шығыс) атты халықаралық араб газеті оларды Ибн Тәймия мен Сәйд Құтып сенім негіздерінің қосындысы деп бейнелеген екен.
Негізінен суруриттерге байсалды деп анықтама берілгенімен, әсілінде өте төзімсіз келеді. Мемлекет билігінің кәпір елдермен қарым қатынас жасамауы қажет деп санайды. Саудиялық суруриттер бес уақыт намаз оқымаған мұсылманды кәпірге санайды. Бұл топ та Ибн Тәймия мен оның идеяларын саясиландырып жалғастырған Мұхаммед Абдулуаххабтың көзқарастарын ұстанады. Саудиялық суруриттер «Араб көктемінің» басталуына идеологиялық тұрғыдан дайындық жүргізген белсенділердің қатарынан саналады.
Суруриттердің негізгі идеологтары ретінде Насыр әл-Омар, Сулайман әл-Ауда және Аид әл-Қарнилар аталады. Орыстілді шейхтары: Э.Кулиев, Надир Абу Халид, Абу Умар Саситлинский және т.б. Қазақстандық шейхтары: Раббани, Дарын Мүбаров, Дидар, Ахмад және т.б.
Қазақстанда олардың бірнеше жамағаттары бар. Олар кезінде алғаш болып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына баламалы діни қауымдастықтар құрған. Өздерінің әмірлері, кеңестері (шура) болған. Қаржылық қорлар, білім беру орталықтарын (құжыра) құрған. Олардың алғашқы лидерлері ислам мәдениеті орталығының ұстазы Мұхаммед Абдуссамат еді. Суруриттер де мадхалиттер де әйгілі әхли сүннет уәл жамағаттың ақидадағы имамдары саналатын Имам Әшғари мен Имам әл Матуридиді адасқан философтар деп атайды. Бұл – олардың дінді кең түрде түсінуге қауқары жетпейтін келте түсініктерінің жемісі.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, исламтанушы
Мәлімет kazislam.kz сайтынан алынды