БЕС ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ҒИБАДАТ
Құран Кәрімнің әрбір сүресі – Рахман, Рахим Алла атымен басталады. Жаратушы шексіз мейірімділік Иесі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан мына қиссада адам көп байқай бермейтін Хақ Тағаланың мейірімі жайында баяндалады. Сахаба Жабир (р.а.) жеткізген риуаят...
Алла елшісі (с.ғ.с.) біздің ортамызға келіп: «Жаңа ғана менің жанымнан досым Жәбірейіл шықты. Ол маған: Ей, Мұхаммед! Сені ақиқатпен жіберген, Алланың атымен ант етемін. Алла Тағаланың теңіз ортасындағы тауда бес жүз жыл құлшылық еткен құлы болды. Таудың ұшар шыңының ені отыз аршын болатын. Айнала төрт бұрышынан теңіз. Таудың етегінен бармақтай боп мөлдір бұлақ ағып жатты. Әр түнде анар ағашының бір жемісі пісіп-жетілетін. Күнұзақ құшылық жасаған пенде кешке тау етегіне түсіп, су ішіп, жеміс жейтін. Дәм-тұзы таусылып, ажалы таяп қалған шақта пенде: «Уа, Раббым! Менің жанымды сәжде етіп тұрғанда ал. Қиямет күніне дейін денемді жерге де, құрт-құмырсқаға да тигізбе»,-деп дұға етті.
Осылайша, жан тапсырса да, қиямет-қайымға дейін құлшылық кейпінде болуды тіледі. Қиямет күні сұрақ-жауап кезінде Раббысы періштелерге: «Менің мейірімділігіммен құлымды жәннатқа кіргізіңдер»,- деп әмір етті. Сонда ол: «Жоқ, Раббым! Мені құлшылықтарыммен (есебімен) жәннатқа кіргіз»,-деді. Хақ Тағала тағы да: «Пендемді мейірімділігіммен жәннатқа кіргізіңдер»,-деді. Ол: «Раббым! Амалдарыммен жәннатқа кіргізе гөр»,-деді. «Пендемнің құлшылығы және Менің берген нығметтерімді таразыға салып, тартыңдар»,-деп пәрмен берді.
Таразыға қойылған көз нығметі бес жүз жылдық құлшылықтан да басым түскені мәлім болды да: «Пендемді тозаққа кіргізіңдер!»,- деп бұйрық берілді. Тозаққа сүйретіліп бара жатқан жерінен ол: «Уа, Раббым! Сенің мейірімділігіңмен жәннатқа кіргіз»,-деп жалбарынды. Алла Тағала: «Оны кері қайтарыңдар»,-деді.
Мұнан кейін: «Ей, пендем! Сені жоқтан бар етіп жаратқан кім?»,- деді. Пенде: «Уа, Раббым! Сенсің»,-деді. «Саған бес жүз жыл құлшылық ететіндей күш-қуат берген кім?». «Сенсің Раббым». «Сені теңіз ортасындағы тауға түсірген кім? Тұзды су ортасынан саған тұщы да дәмді су шығарып берген кім? Жылына бір-ақ рет жеміс беретін ағашта әр түні анар шығарып беріп тұрған кім? Сені сәждеде жатқан күйіңде жаныңды алған кім?»...«Сенсің, Раббым». «Мұның барлығы да менің мейірімділігімнен. Сондықтан сені Мейірімділігіммен жәннатқа кіргіземін. Пендемді жәннатқа кіргізіңдер. Ей, пендем! Сен тамаша құл бола білдің!»-деп, жәннатқа кіргізді.
Сосын Жәбірейіл: «Уа, Мұхаммед! Барлық нәрсе Алла Тағаланың мейірімімен жүзеге асады»,- деді.
Бұл риуаятта адам баласына берілетін көптеген нығметтер бар екені айтылуда. Адам аса көп әрекет етпесе де, оған үнемі жақсылықтар беріліп тұрады. Бұл – аса маңызды. Ал, екінші маңызды жайт: сол берілген нығметтер пенденің құлшылығымен салыстырылып, таразыға ешуақытта тартылмайды. Өйткені, қанша көп ғибадат жасаса да, Құдайдың берген нығметтерінің қарымын өтей алмайды.
Мұса ЕРБАТЫР