#Иманижаз2025 : Білім сайысы өтті
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен #Иманижаз2025 курсы аясында мектеп жасындағы қыздар арасында білім сайысы өтті.
Сайыс шәкірттердің сауат ашу бағдарламасын меңгеру деңгейін анықтап, қызығушылығын арттыруды мақсат етті.
Шараға қатысқан қыздар екі топқа бөлініп, «Хафизалар» және «Қарилар» атты командалар сайыс алаңына шықты. Сайыс «Әріптерді тану және оқу», «Қысқа сүрелер мен дұғаларды дұрыс оқу», «Алла Тағаланың 99 есімі», «Сөз құрау, дұрыс буындау» деген кезеңдерден тұрды.
Ойын түрінде ұйымдастырылған бұл сайыста қыздар өзара жарысып қана қоймай, бір-біріне қолдау білдіріп, топтық жұмысқа бейімделді. Әрбір кезеңде әділқазылар алқасы – ұстаздар тарапынан бағаланып отырды.
Сайыс соңында барша қатысушыларға шағын сыйлықтар табысталды. Ұстаздар шәкірттердің белсенділігі мен білімге деген ынтасына оң бағасын беріп, алдағы уақытта да осындай мазмұнды іс-шаралардың жалғасатынын атап өтті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі