Ақтөбе: Имамдар медалмен марапатталды 417

Ақтөбе: Имамдар медалмен марапатталды

21 желтоқсан 2020 230 Оқу 1 минут

     Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай, Бас мүфти бастамасымен еліміздің түкпір-түкпірінде Республикалық деңгейде бірқатар игі жобалар жүзеге асырылды. Соның ішінде Ақтөбе өкілдігінің ұйытқы болуымен облыста ұзындығы 80 метрді құрайтын 2 000 000 теңгеге 2 көпір салынды. Көпшіліктің демеушілігімен 2 500 000 теңгеге ұзындығы 1600 метрлік 1 мұсылмандар зираты қоршалды. Облысқа қарасты 6 мешітте 32 800 000 теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

     Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында өткен IV Республикалық имамдар форумында Бас мүфти елімізде ұзақ жылдар бойы мешіт саласында еңбек етіп келе жатқан бірқатар имамдарды муфтияттың 30 жылдық мерекелік медалімен марапаттаған болатын. Солардың ішінде Ақтөбе облысынан 5 діни қызметкердің еңбегі ескерілгенін мақтанышпен атап өткен жөн.

     Бүгін Бас имам Төлеби Оспан мешіт қызметкерлеріне Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, салтанатты түрде мерекелік медалды иелеріне табыстады. Олар: Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің найб имамы Алмат Әли, Алға ауданының Бас имамы Әбдіуахит Әбдірасулов және «Ақтөбе» медресе колледжінің Директор орынбасары Бауыржан Нұрғалиев.

     Естеріңізге сала кетейік, ҚМДБ-ның кезекті төралқа мәжілісінде Бас имам Төлеби Оспанды аталмыш мерекелік медалмен Бас мүфтидің өзі марапаттаған болатын. Сондай-ақ, медресе колледж Директоры Әбдімүтәліп Дәуренбеков ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен және муфтияттың 30 жылдық мерекелік медалімен марапатталды. Бұл барша Ақтөбе имамдарының еңбегінің ескерілгені және барша мешіт қызметкерлеріне көрсетілген құрмет деп білеміз.

     Бұдан өзге Ақтөбе мешіттері облыс бойынша – 2278  адамға 11 тонна 397 келі құрбандық еті таратылды. «Мектепке жол» акциясы аясында 2 409 150 теңгеге 273 балаға оқу құралдары мен сөмкелер сыйланды. 299 адамға қаржылай 11 575 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді. 4811 отбасыға 72 тонна 627 келі азық-түлігі таратылды. «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында 22 400 000 теңгеге мұқтаж отбасыға пәтер әперіп, қуанышқа бөледі.

     Ал, биылғы жаңа оқу жылында еліміздегі діни оқу орындарына 61 ақтөбелік түсті. Олардың ішінде – «Нұр Мүбәрак» университетіне 23 студент, медресе-колледждерге 38 студент қабылданды. Ал, жалпы діни оқу орындарында 172 ақтөбелік діни білім алуда. Ақтөбе облысындағы 115 имамның 77 пайызы жоғары және орта діни білім иесі. Осы діни мамандардың 45 пайызын «Ақтөбе» медресе колледжінің түлектері құрайды.

     Аталмыш шаралардың барлығы да әуелі Алла, Ақтөбе өкілдігі ұжымының ұйымшылдығының арқасында жүзеге асып келеді. Барша дін қызметкерлеріне Алла Тағала жар болғай!

Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің
Баспасөз қызметі