«Ақтөбе» медресесінің директоры Президент алғыс хатын алды
Елордада өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына арналған «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық онлайн-форумында еліміздің көрнекті діни оқу орындарының бірі саналатын «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры, ұстаз Әбдімүтәлі Дәуренбеков марапатталды.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Әбдімүтәлі Қайназарұлына Қазақстан Республикасының Президентінің Алғыс хатын табыстап, білікті діни мамандарды тәрбиелеп шығару жолындағы қызметіне сәттілік тіледі.
Оқу-білім саласында 20 жылдан астам еңбек өтілі бар Әбдімүтәлі Қайназарұлы он жыл уақыт ҚМДБ-ның оқу-ағарту бөлімінде абыройлы қызмет атқарған. Бүгінде Ақтөбе медресе-колледжінің директоры ретінде өңірдегі дін саласының жас кадрларын даярлау ісіне сүбелі үлесін қосып, адал қызмет атқарып келеді.
Айта кетейік, Әбдімүтәлі Дәуренбеков жақында өңірдегі жергілікті діни кадрлар даярлау ісіне қосқан еңбегі үшін Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен және Бас мүфтидің атынан алғыс хатпен марапатталған болатын.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі