Ихсан – жанға азық, тәнге шипа
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміз бойынша насихатталып жатқан ихсан ілімін жамағат жақсы қабылдап, ізгі ниеттерін жеткізуде. Шын мәнінде, ихсан ілімі мұсылман баласын ізгілікке үндеп, адамгершілікке тәрбиелейді, құлшылық пен игі амалда ықыласты болуға шақырады. Өйткені. ихсан – жанға азық, тәнге шипа беретін ілім.
Алла Тағала Құранның бірнеше жерінде ықыласпен игі амал жасаған пенделеріне қуанышты хабар жеткізген. Мысалы, «Хаж» сүресінің 37-аятында: «...Жақсылықты ықыласпен істеушілерді қуандыр!» делінсе, тағы бір аятта: «Кім ықыласпен жақсылық істей отырып, жүзін Аллаға бұрса, онда оның сыйлығы – Раббысының құзырында. Әрі оларға қорқыныш жоқ және олар қайғырмайды» («Бақара» сүресі, 112-аят) деп баяндалған.
Адам баласы ізгі амалда қалайша ықыласты болмақ? Ықылас қайтсе оянбақ? Бұл жүрекпен тікелей байланысты мәселе. Жүрек сау болғанда ғана адамның иманы артады. Әйгілі сахаба Әли (оған Алла разы болсын) былай деген екен: «Жүрегіңіз үш нәрсенің мекені болсын: иманның, үміттің және сүйіспеншіліктің». Жаман ойлардан, түрлі дерттен аман болған жүрек орныққан, тыныштық тапқан жүрек болып саналады.
Орныққан жүректің барар жері – жәннат. Бұл туралы Алла Тағала былай дейді: «Кім жан-тәнімен мойынсұнып, көрмесе де Рахман Алладан қорықса және Аллаға бет бұрған жүрекпен келсе, міне сендерге арналған жәннат. Оған алаңдамай есендікпен кіріңдер. Бұл – мәңгілік күні. Онда олардың қалаған нәрселерінің бәрі бар. Сондай-ақ біздің құзырымызда одан да көп сый-сияпат бар» («Қаф» сүресі, 32, 33-аяттар).
Жүрек жақсы ойдың, ізгі ниеттің бастауы болғандықтан, оны үнемі иманмен толтырып отыруымыз керек. Иманмен нұрланбаған жүректі дерт жайлайды. Дерті бар жүрек күнәмен күресе алмайтын хәлге жетеді.
Жүректі иманға толтырудың бір амалы – игі істе ықыласты әрі белсенді болу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болсын бір хадисінде былай дейді: «Қандай жағдайда болсаң да, Алладан қорық. Егер қателік іс істесең, сол жамандықтың артынан лезде оны жоятын жақсылық жаса. Адамдармен жақсы мінез-құлықпен қарым-қатынас жаса».
Расында жақсылық жасаған адамның жаны мен жүрегі ерекше сезімге бөленіп, тыныштық табады. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Игі іс – адамның жүзіндегі нұрын күшейтеді, жүрегіне жарық, денесіне күш сыйлайды, ризығын арттырады және жаратылыстардың оған деген махаббатын оятады. Ал жаман іс – бет-жүзді қарайтып, жүректі өлтіреді, денені әлсіретеді, ризықты кемітіп, жаратылыстардың ол адамға деген жек көрушілігін тудырады».
Осы тағылымды сөзден жақсы іс адамның бүкіл өміріне әсер ететінін түсінеміз. Алла разылығы үшін жасалған игі іс тән мен жанға рахат сыйлайды. Бәрімізге белгілі жайт, адам баласы кейде жамандық істеп қойғанда оның жүрегі мазасыздана бастайды. Көңіл күйі болмай, өзін ыңғайсыз сезінеді. Өйткені, жүрек жамандықты жақтырмайды. Ал жақсылық істеп, мұқтаж адамның ризашылық ниетіне бөленген пенде сол сәтте ерекше сезімге бөленіп, жүрегі қуаныштан жадырап шыға келеді.
Жақсы көңіл күйде жүрген адамның денсаулығы да жақсара бастайды. Дәрігерлер аурулардың басым бөлігі күйзелістен, уайымнан, жүрек мазасыздығынан пайда болатынын айтады. Денсаулығы нашарлаған адамның тәні де әлсірейді. Тәні әлсіреген адамның ешқандай іске ынтасы болмайды. Қарап тұрсақ, жақсы ниет пен кішкентай ғана жақсы іс адамның бүкіл организміне әсер етіп, өміріне ықпал етеді екен. Сондықтан адам баласы өзін барынша тақуалыққа тәрбиелеуі тиіс. Ихсан – тақуалыққа тәрбиелейтін ілім. Жүрегін түрлі дерттен сақтауды ниет еткен адам жүректі мазасыз күйге түсіретін істерден іргесін аулақ ұстайды. Бұл ретте күмәнді істерден аулақ болудың маңызы ерекше. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Расында халал нәрсе де белгілі және харам нәрсе де белгілі. Алайда екеуінің арасында адамдардың көпшілігі білмейтін күмәнді нәрселер бар. Күмәнді нәрседен сақтанған адам дінін және абыройын сақтаған болады. Ал күмәнді нәрсені жасаған адам харамға да барады. Өйткені ол әне-міне кіріп кеткелі тұрған қойын қорық маңында бағып жүрген шопанға ұқсайды. Әр патшаның өз қорығы бар, ал Алла Тағаланың қорығы (адамдарға) тыйым салғандары. Ақиқатында адам денесінде бір кесек ет бар, ол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады. Ол жаман болса, бүкіл дене жаман болады, біле білсеңдер ол – жүрек».
Бұл хадистен түсінгеніміздей, біз Алланың тыйым салған істерінен аулақ жүрген сайын Раббымыздың қорғауында боламыз.
Алла Тағала баршамызды күмәнді істен сақтап, екі дүниеде абыройлы болуымызды нәсіп еткей. Әмин!
Алмас САҒИДОЛЛАҰЛЫ,
Талдықорған өңірінің бас имамы
«Мұнара» газеті, №17, 2021 жыл