Ихсан – кемелдік шарты 1240

Ихсан – кемелдік шарты

25 қаңтар 2022 235 Оқу 1 минут

Ихсан сөзі араб тілінен аударғанда жақсылық жасау, қайырымдылық қылу, кез келген істі ынсаппен, артық та, кемде қылмай, кемеліне жеткізіп істеу, Аллаға шын ықыласпен құлшылық қылу және т.б. мағыналарды білдіреді. 

Алла Тағала Құранда Ихсан жайлы бірқатар аяттарда баяндап өтеді. Бұл аяттарға зер салсақ ихсан сөзінің бірнеше мағыналарда қолданылғанын байқауымызға болады.

Ең әуелі Алла Тағала бұл сөзді Өзіне қатысты қолданады. Мысалы, «Алла Тағала жаратқан барлық нәрсесін «кереметтей етіп, кемеліне келтіріп» жаратады (Сәжде сүресі, 7 аят)», «Ол сендерге кескін-келбет берді, сендердің бейнелеріңді «көркем» қылды (Тағабун сүресі, 3 аят)» - деген секілді аяттарда «ихсан» сөзін – «бір нәрсені кемеліне келтіріп, кемшіліксіз, көркем түрде жасау», - деген мағынада қолданса, басқа бір аятта «Алла Тағала сені «жақсылыққа бөлегеніндей», сен де өзгелерге жақсылық жаса (Қасас сүресі, 77 аят)», «Кімде-кім Аллаға иман келтіріп, игі істер істесе, Алла оны астынан өзендер ағып жататын жұмаққа кіргізіп, олар онда мәңгі қалады. Алла мұндай құлына «керемет» рызық береді», - деп (Талақ сүресі, 11 аят), ихсан сөзін – «жақсылық жасау, қайыр қылу» мағыналарында қолданған.

Сондай-ақ, Құран аяттарында «Ихсан» сөзі адамдарға қатысты «Істеген ісін шын ықыласымен, кәміл түрде, кемеліне жеткізуге тырысып істеу, жақсылық жасау, кешірімді, сабырлы, ұстамды болу, жомарттық, табандылық, батылдық, ынсаптылық, ысырапқа жол бермеу», - деген секілді бірнеше мағыналарда қолданылады.

Алла Тағала бірқатар аяттарда адамдарға істерін кемеліне жеткізіп, көркем түрде орындауды бұйырып, осындай сипатқа ие адамдардың Алланың сүйген құлы болатындығын айтады. Мысалы, Бақара сүресінің 195-аятында «Алла жолында дүние мүліктеріңді жұмсаңдар! Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіпке итермеңдер! Істеріңді «кемеліне келтіріп» істеңдер! Алла мұндай пенделерді жақсы көреді», - дейді..

Басқа да аяттарға зер салсақ, жоғарыда айтылғандай, Ихсан ұғымының ауқымының кең екендігін байқаймыз. Әли Имран сүресінің 134-аятында «Олар кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында дүние-мүліктерін жұмсайды, шамасы жете тұра ашуын баса алады және адамдарға кешірімді болады. Алла осындай сипаттарға ие «ихсан қылушыларды» жақсы көреді», - деп келеді. Бұл аяттан Ихсанның «кеңшілікте де, таршылықта да қолындағы дүние-мүлкін Алла жолында, ізгілік жолында жұмсай алу, шамасы жете тұра ашуын баса білу, кешірімді болу», - деген секілді сипаттарды да қамтитындығын көреміз. Мұның бәрі де адам бойындағы Ихсан сезімінің, яғни, Алла Тағаланың адамды әрдайым көріп бақылап тұратындығын сезінудің орныққандығының нәтижесі болып табылады.

Ағраф сүресінің 56 – аятында: «Жер беті түзелгеннен кейін бүлік шығарып, бүлдірмеңдер! Аллаға қорқынышпен және үмітпен дұға қылыңдар! Алланың мейірімі осындай «ихсан иелеріне» жақын», - дейді. Демек, бүлікке жол бермеу, дұрыс жолға қойылған нәрселерді бұзбау, бүлдірмеу, Алланың азабынан қорқып, мейірімінен үміт ете отырып, бір Құдайға ғана жалбарыну да ихсаннан болып есептеледі.

Алла Тағала Худ сүресінің 115-аятында «Сабыр ет! Алла мұндай ихсан иелерінің сауабын зая етпейді», - дейді. Бұл аят сабырлылықтың да ихсанның ауқымына кіретіндігін көрсетеді.

Сондай-ақ, Құранның бірқатар аяттарында бірнеше пайғамбарларды «Мухсиндер, яғни, ихсан сипатына ие жандар», - деп сипаттап, олардың бойындағы кемеліне жеткен діндарлық пен соның нәтижесінде туындайтын көркем мінез-құлықтары мен іс-әрекеттері үшін оларға «Ихсан сипатына ие жан» деген мағынанын білдіретін «Мухсин» атауын берген.

Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадистеріне келетін болсақ, Пайғамбар өсиеттері Құран Кәрімге негізделетіндіктен Құранның шеңберінен ешқашан ауытқып кетпейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде Ихсан сөзін «Алланы көріп тұрғандай құлшылық қылу, әрдайым Алла Тағаланың бізді көріп тұрғанын қаперімізде ұстап, соны сезініп жүру» мағынасында қолданылған.

Бірде Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларымен отырған кезінде киімі аппақ, шашы қап-қара, үстінде ешқандай да жолаушылықтың ізі байқалмайтын бір кісі кіріп келеді де, Алла елшісінің (с.ғ.с.) алдына келіп, тізесін тізесіне тіреп, екі қолын өзінің аяғының үстіне қойып отырады. Сосын «Уа, Мұхаммед! Маған Ислам жайлы айтшы!» - дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ислам – «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед – Алланың елшісі», - деп куәлік етуің, намаз оқып, зекет беруің, Рамазан оразасын ұстауың және шамаң жетсе қажылыққа баруың», - дейді. Әлгі адам «Рас айттың!», - дейді. Сосын «Маған Иман жайлы айтшы!» - деп сұрайды. Алла елшісі (с.ғ.с.) «Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне, тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына сенуің», - дейді. Ана кісі тағы да «Рас айтасың!» - дейді де, «Енді маған Ихсан жайлы айтшы», - деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ихсан – Алла Тағалаға Оны көріп тұрғандай болып құлшылық қылуың. Сен Оны көре алмасаң да, Ол сені көріп тұрады», - дейді. Сөйтсе, өзі сұрақ қойып, өзі растап отырған кісі – адам бейнесінде келген Жебірейіл періште екен (Имам Муслим риуаят еткен).

Басқа бір хадисінде «Алла Тағала бүкіл нәрседе ихсанды (шектен шықпай, артық-кем қылмай, кемеліне келтіріп, көркем түрде) бұйырды. Малды бауыздасаңдар да, көркем түрде бауыздаңдар! Қайсыбірің мал бауыздар болса, пышағын жақсылап өткірлеп, құрбандығын рахатқа қауыштырсын!», - деген (Муслим риуаяты). Бұл хадистен мұсылман адамның әрбір ісін көркем түрде орындауы, тіпті, кішкентай нәрсе болса да, оған немқұрайды қарамай, кемеліне келтіріп істеуі қажет екенін байқаймыз.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Уа, Алла! Менің жаратылысымды кемел, көркем еткеніңдей, мінез-құлқымды да кемел, көркем ет!» - деп дұға тілейтін болған екен.(Ибн Хиббан риуаят еткен). Бұл хадисте ихсан сөзін – көркемдік, кемелдік мағынасында қолданады. Себебі, адам баласының жаратылысы әрі көркем, әрі кемел сипатқа ие. Адам баласының ақылы мен санасы да, бүкіл дене мүшелері де кемелдіктің шыңында. Алла елшісі (с.ғ.с.) осындай кемел жаратылыс берген Алладан сол болмысына сай көркем мінез-құлық беруін де сұрап отыр.

Осы орайда, «Адам баласының мінезінің мұндай кемелдікке жеткендігін, оның кәміл мұсылман болғандығын қалай білеміз және кемелдікке қалай қол жеткізуге болады?» - деген сұрақтың туындауы заңды. Оның жауабы қарапайым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің асыл да ардақты бір сөзінде «Адамның мұсылмандығының көркемдігінің, кемелдігінің белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрселерді тәрк етуі», - деген (Имам Тирмизи риуаят етеді). Демек, адам өзіне, өзінің ісіне қарауы керек. Егер, өзіне қатысы жоқ нәрселерге бас қатырып жүрген болса, ол адам әлі кемелдіктің шыңына жеткен жоқ деген сөз. Бұл биікке жете алуы үшін адам өзіне қатысы жоқ нәрселерден бас тартуды, өзіне тікелей немесе жанама түрде байланысы жоқ нәрселерге араласпауды меңгеруі керек.

Дегенмен, өзіне қатысы жоқ істерге араласып үйреніп қалған әдеттен бас тарту оңайға соқпайтыны белгілі. Ендеше, адамға көмек керек. Ол көмек – ихсан ілімі, ихсан ұғымы қамтитын жоғарыда аталған барлық ізгі істер. Адам уақытын тек ізгі істер жасауға және өзіне жүктелген, өз мойнына алған істерді көркем түрде атқаруға жұмсаса, оның бос нәрселермен айналысуға мұршасы келмейді, уақыты да болмайды. Осылайша, адамдықтың шыңына көтеріле алады.

Мұсылман адамның бұл жолдағы үлгі тұтар тұлғасы – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз екені сөзсіз. Ал, Пайғамбарымызды кім тәрбиелеген еді. Ол жайында Алла елшісі (с.ғ.с.) «Мені Раббым тәрбиеледі, әрі, тәрбиемді «көркем» етті», - деген екен (Бұл жерде де «көркем етті» мағынасында «ихсан» сөзін қолданылған).

Осы орайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла Тағаланы үлгі тұтты деп айтуымызға болады. Ғалымдарымыз адам баласының Жаратушы Иесі Алла Тағаланы үлгі тұтуы, Оның сипаттарына ұсқас қасиеттерді бойларына сіңіруге күш салуы қажет екендігін айтады (Имам Нәсәфи, Тәпсір еңбегі). Мысалы, Алла Тағала бүкіл тіршілік атаулыға ерекше мейірімді, ендеше, адам да баршаға құшағын ашатын мейірімді болуға тырысуы қажет. Алла Тағала әр нәрсені көркем түрде, кемеліне жеткізіп жасаған. Олай болса, адам да әр ісін мінсіз атқаруға күш салуы керек деген секілді. Бұл қағиданы Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз да өз жырларына ақау етіп:

Тәңiрiң – таза, болып бақ сен де кiрсiз,

Әлiң келсе, міннен қаш‚ Иең – мiнсiз.

Бұл – Құдайдай боламын деген емес,

Сөзiмнiң түбiн ұқпай деме дiнсiз.


Алланың пендесiне рақымы мол,

Сен де өзiңдей адамға мейiрiмдi бол.

Ол жаратты, сен-дағы жаратып бақ,

Бардан барды шығарсаң болады сол.


Керексiздi қылмайды Иең-дағы,

Мен де сүйтем деп қара сен де тағы,

Бiр Құдайың сабырлы, сен де шыда,

Бәрi осындай, ойлансаң, артқы жағы.


Мұны бiлсең, боласың сүйiктi құл,

Құлы болсаң, қожаңның сүйгенiн қыл.

Шын мұсылман болайын деп ойласаң,

Құдайға құл болудың мәнiсiн бiл, - деп жырлаған.

Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, әр адамның түптің түбінде Аллаға қауышатыны анық. Ендеше, сол кезде жүзіміздің жарық болғаны бәрімізге қажетті нәрсе. Ал, ол үшін осы дүниеде ар алдында да, адам алдында да жүзіміз жарық болуы қажет.

Ихсан ілімінің мақсаты да – осы, яғни, адам баласын адамдықтың шыңына шығару, кісіні Аллаға да, Алланың жаратылыстарына қатысты да ынсапты, әдепті, әділетті, шынайы, әрі, адал болуға, әр ісін кемеліне келтіріп, мінсіз жасауға, көркем-мінез құлыққа ие болуға тәрбиелеу. Алла Тағаланың өзін көріп-бақылап тұрғанын, екі иығындағы екі періште әрбір басқан қадамын жазып тұрғандығын есінен шығармай және қайтып оралар жері Алланың құзыры екенін, сол кезде дүниедегі істеген әрбір ісі мен амалына есеп беретінін қаперінде ұстап жүруге үйрету. Адамның жүрегіне Жаратушысына деген махаббат ұялатып, Алланың сүйгенін сүюге, Алланың сүйгенін қылуға баулу. Алланың ең керемет сыйы – мәңгілік жұмаққа ие болып, Алланың дидарын көруге ұмтылдырып, Құдайына сенбеген дінсіздер мен ақиқатты біле тұра қасарысқандардың қатарына түсіп қалып, ақырет жұртында тозақтың азабына душар болудан сақтандыру. Осылайша, екі дүниеде де жүзін жарық ету.

Алла Тағала барша адамзат баласына адамдықтың шыңына шығып, Алланың сүйген құлы болуды нәсіп етсін деп тілейміз!

Бақыт Абдиисламұлы

Шалқар ауданының Бас имамы