Әділ басшы қасиеті 275

Әділ басшы қасиеті

28 қазан 2020 424 Оқу 1 минут

Омар бин Абдулазиз халифа боп таққа отырады. Өте әділ басшы ретінде тарихта аты қалған халифалардың бірі Хасан Басриге хат жолдайды. Хаттың мазмұны ғалымнан әділ басшының қасиеттерін жазып жіберуді өтінген еді.

Табиғин Хасан Басри халифаға берген жауабы мынадай еді:

«Уа, мұсылмандар әміршісі, білгеніңіз жөн! Алла Тағала әділ басшыны әрбір қисық кеткенді түзетуші, залымды жөнге салушы, пасықты жақсылыққа жетелеуші, әлсізге күш-қуат беруші, жәбір-жапа шеккенге ақысын қайтарушы, қиындыққа тап болғанға пана болушы еткен. Уа, мұсылмандар әміршісі! Әділ басшы түйесіне жанашыр малшы сияқты. Ол шұрайлы өріс іздеп, жайылымдағы қауіп-қатердің, жыртқыштың алдын алады. Малын күннің ыстығы мен шөлден қорғайды.

Уа, мұсылмандар әміршісі! Әділ басшы – баласына мейірімді әке сияқты. Бала кезінде жүгіріп жүріп бағады, есейгенде бар білгенін үйретеді, өмір бойы олар үшін еңбек етеді. Қайтыс болған соң қажетіне жаратады деп, қор жинап береді. Уа, мұсылмандар әміршісі! Әділ басшы – мейірімді ана сияқты. Қиналып құрсағында көтереді, қиналып дүниеге алып келеді. Бала кезінде тәрбие береді. Бала түнде ұйықтамаса, анаға да ұйқы жоқ. Бала тынышталса, анасы да тынығады. Ақ сүтін беріп, өсіреді. Амандығына қуанады, мазасызданса уайымдайды.

Уа, мұсылмандар әміршісі! Әділ басшы – денедегі жүрек. Жүрек сау болса, дене түгелдей сау. Ол бұзылса, дене де толығымен бұзылады. Уа, мұсылмандар әміршісі! Әділ басшы –Алла Тағала мен пенделер арасындағы дәнекер. Алланың әмірін естіп, оны адамдарға жеткізеді. Алла Тағаланың әмірін көріп, адамдарға да көрсетеді. Аллаға бағынады және адамдарды артынан ілестіреді.

Уа, мұсылмандар әміршісі! Алла Тағала саған табыстаған міндетті қожайынынан аманат етіп, мал-жайы мен бала-шағасын алып қалып, мал-дүниені талан-таражға салып, бала-шағасын қаңғыртып жіберген бір құл сияқты болма. Ол құл қожайынның бала-шағасын кедей етіп, малын түгел құртып жібереді. Уа, мұсылмандар әміршісі! Алла Тағала жамандық пен арсыздықтан тию үшін жазалау заңдарын түсірген. Ендеше, жазалауды қадағалаушы басшының өзі жамандық пен арсыздық істесе не болмақ? Алла Тағала кек алу аятын өлім болмау үшін, өмір жалғасу үшін түсірген. Ал енді сол жазаны орындауға міндетті адам кісі өлтірсе не болмақ?»,- деп жазған екен.

Мұса ЕРБАТЫР