Хромтау: Облыстың Бас имамы Мәуліт кешіне қатысты
Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы Хромтау ауданына барған сапарында Хромтау қаласында аудандық «Нұр» мешітінде өткен Мәуліт кешіне қатысып, жамағатқа насихат айтты.
«Мәуліт айы – Алла елшісінің (с.ғ.с.) өнегелі өмірін, сауапқа толы сүннет амалдарын халыққа насихаттаудың, дініміздің асыл құндылықтарын дәріптеудің таптырмас мүмкіндігі. Бүгінгі іс-шара да осы мақсатта ұйымдастырылып отыр. Бұл айда мешіттерде Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылып, мәуліт жыры оқылады.
Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айту – сауапқа кенелу амалы. Мұсылман баласы Аллаға мадақ айтумен қатар, Оның Пайғамбарына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәлем жолдайды. Алла Тағала Құранда: «Расында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар» («Ахзаб» сүресі, 56-аят) деп әмір еткен. Ал ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім маған бір салауат айтса, Алла Тағала оған он салауат айтады» деген.
Сонымен қатар тағы бір хадисте: «Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді әрі оның дәрежесін он есеге көтереді» делінген. Біз бұл хадистен салауат айтқан адам өзіне жақсылық жасағанмен тең екенін түсінеміз»,- деді Серікжан Еншібайұлы.
Сонымен қатар облыстың Бас имамы рухани кеште Хромтау аудандық мешіт жамағатының үздіктеріне алғыс хат табыстады.
Шара қортындысында аудандық мешіттің ондық алқасы Бажиров Төрежан ақ батасын берді.
Айта кетсек, арнайы қонақ ретіне Мәуліт кешіне облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Алмат Әли қатысты.
Одан өзге құптан уағызының алдында облыстың Бас имамы аудандық мешітте жамағатқа ынтымақ, бірлік, бауырмалдық туралы уағыз-насихат айтты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі