«ЕРІКТІЛЕР ЖЫЛЫ» АҚТӨБЕЛІК ИМАМДАР ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Кеше, 24 қаңтарда, ҚМДБ «Жастар ісі» секторының Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі Сұңғат Саметовтың ұйымдастыруымен «Иманды жас» тақырыбында рухани кездесу кеші өтті. Өңірдегі орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өткен қала жастарымен жүздесуге Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби қажы Оспан, наиб имамдар Қайрат Дәрменов пен Нұрбол Смағұлов қатысты. Модератор: наиб имам Сұңғат Қанатұлы болды.
Кездесуде Бас имам жастарды биыл елімізде жарияланған «еріктілер жылымен» құттықтады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мешіт жамағатының әрқашан еріктілер қатарынан табылатындығын атап өткен Төлеби Дәділұлы, бұл істің сауабы мол екендігін тілге тиек етіп, жастарға ағалық ақыл-кеңестерін айтты.
Бұдан кейін наиб имамдар Нұрбол Берікболұлы мен Қайрат Қуанышбекұлы тақырыпқа байланысты өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен бірге жиналғандарды «Жастар ісі» секторының «Ізгілік жастары» еріктілер тобының қатарында болып, ізгі іс-шараларда белсенділік танытуға шақырды.
Қасиетті жұмадағы жастармен жылы жүзді кездесу одан әрі қарай игілікті іспен жалғасты. Ақтөбе облысы «Жастар ісі» секторының жетекшісі С.Саметов бастаған @izgilik_zhastary еріктілер тобы Атырау облысы @iman_zhastary тобынан «Қар күреу» челленджін қабыл алып, қаңтарда қала көшелерін басқан қалың қардан тазартуға ұйымшылдықпен атсалысты. Сондай-ақ, эстафетаны ары қарай Солтүстік Қазақстан облысының @petropavlmeshiti жастарына жолдады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі