ЖАСТАРҒА «РУХАНИ ЖЕТІ ҚАЗЫҚ» ТҮСІНДІРІЛДІ
Кеше, қасиетті жұмада, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы, Жастар ісі секторының жетекшісі Сұңғат Сәметовтың ұйымдастыруымен С.Бәйішев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханада ақтөбеліктермен кездесу өтті. Өңірдің Бас имамы Төлеби қажы Оспанның бастауымен қазан айында Елордада өткен ІІІ республикалық имамдар форумына қатысқан дін қызметкерлері ҚМДБ-ның «Рухани жеті қазық» атты құжатын көпшілікке таныстырып, жан-жақты түсіндірді.
Төлеби Дәділұлы Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасына тоқталып, оның халқымыздың игілігі үшін қабылданған маңызды құжат екендігін атап айтты. Соның ішінде «имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік» сынды қасиеттердің шынайы мұсылманның сипаты болып табылатынын тілге тиек етті. Әсіресе, жастардың күнделікті іс-әрекеті мен мінез-құлқын адамгершілік қағидасына негіздеуі керектігін еске салды.
Сонымен бірге Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Шынболат Үмбетов пен қалалық «Бақытжан» мешітінің имамы Асылхан Темірханов жастарды ізгілік пен жақсылыққа үндеп, қабылданған тұғырнаманы қолдауға шақырды.
Облыстық кітапхана қабырғасындағы «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты құжатты түсіндіру барысында қатысушылар әртүрлі сұрақ қойып, имамдар тұшымды жауап қайтарды. Басқосудың соңында адамның ізгі қасиеттерін қалыптастыра отырып, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға бағытталған тарихи құжатты көпшілік қолдайтындығын білдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің
баспасөз қызметі