«Нұр Ғасыр»: «Абысын тату болса»  байқауының  жеңімпазы атанды (ФОТО) 2247

«Нұр Ғасыр»: «Абысын тату болса» байқауының жеңімпазы атанды (ФОТО)

03 қараша 2022 521 Оқу 1 минут

Бүгін «Жастық» мейрамханасында ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Әйел-қыздар» секторы мен «Ихсан» орталығының ұйымдастыруымен «Абысын тату болса» байқауының қалалық сайысы өтті. 

Аталған шараның авторы, «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова жобаның 3 жыл бұрын қолға алынып, пандемиялық жағдайға байланысты кейінге шегіріліп, бүгін сәті түскендігі туралы айтып, дініміздегі ағайын-туыстың орнына тоқталып, татулықты арттыруда әйел адамның рөлін ерекше баяндады.

Байқауға 4 абысыннан құралған жұп қатысып, оларды әділқазы ретінде облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Гүлжан Мейірханқызы, «Бабалар дәстүрі бізге аманат – 2021» байқауының жеңімпазы Жамиля Тұрмағамбетқызы, «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Құрманғалиқызы, «Дәстүрге жол» жобасының белсендісі Шәмшия Жәкуқызы бағалады.

Аталған сайыс «Сәлемдесу жолы ғой бұрынғының…», «Білімдіден шыққан сөз…», «Өнер, білім бар жұрттар…», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда….» атты кезеңдерден өтті. Абысындар сәлем салудың маңыздылығын көрсетіп, туысқандық қарым-қатынас, көркем мінез туралы хадис пен мақал-мәтелдер айтып, аспаз, ісмер, шебер екендігін көрсетіп, келін ретіндегі маңызды қағидаларға тоқталып, көрерменнің көзайымына айналды.

Сонымен қатар доданы абысындар: «Бақытжан» мешіті мен «Ихсан» орталығының ұстазы Анар Түгелбайқызы мен «Құнан» мектеп-лицейінің ұстазы Бибінұр Амантайқызы жүргізді.

Айта кетсек, шара барысында кішкентай бүлдіршіннің тұсауы кесілді.

Байқау қортындысы бойынша «Ізденімпаз абысындар» номинациясын Жақайым және Тілеу руының келіндері Назерке Орынбасарқызы мен Хадиша Қуаналиқызы (Жетекшісі: «Ниса» орталығы Балзира Қуанышбайқызы. Нантақтай, оқтаулар жиынтығы), «Ісмер абысындар» номинациясын Төртқара Құлтас руының келіндері Алмагул Тағыбергенқызы мен Айгерім Кеулімжанқызы (Жетекшісі : Бисембаева Роза. Ас үй аспаптар жиынтығы), «Ұйымшыл абысындар» номинациясын Шөмекей Бақашы руының келіндері Жазира Қуанышбайқызы мен Бақытгул Жақсыбайқызы (Жетекшісі: Анар Қойшығұлова. Қазақы нақыштағы ет астау) иеленсе, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің атынан қатысқан Қыпшақ руының келіндері Сымбат Нұркенқызы мен Сән Жолдасқызы бас жүлдеге ие болды. Жеңімпаздар алғыс хатпен және қазақы оюмен әрленген тоқ самаурындармен марапатталды. Сонымен қатар @musulman_alemi.kz дүкені 10.000 теңгеге сертификат табыстады. Жеңімпаздардың жетекшісі: «Нұр Ғасыр» мешіті ұстазы Ардақ Бағдалқызы.

Аталған байқау облыстық деңгейде жалғасын табады.

Ұйымдастырушылар байқауға белсенді қатысып, атсалысқан жандар мен жетекшілерге алғыс хат және сыйлықтар табыс етті. Ал көрермендер шараның өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына алғысын білдіріп, игі жобалар жалғасын тапса деген ұсыныстар білдірді. Бүгінгі шараға 100-ден аса қыз-келіншек қатысты.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі