ЕР МЕН ӘЙЕЛ – БІР-БІРІН КӨРІКТІ ЕТЕТІН ЖАНДАР
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Оның Пайғамбары Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болғай.
Алла Тағала Құранда ер мен әйелді киімге теңеп, керемет насихат айтады. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 187-аятында: «...Олар сендер үшін (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, жан мен тән рахатына бөлейтін һәм көрікті қылатын) киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)...» делінген. Ибн Аббас осы аятты: «Олар сендер үшін жанға жайлылық, рақат, тыныштық, сендер де олар үшін дәл сондайсыңдар», – деп тәпсірлейді.
Алла Тағала бұл аятта ер мен әйелді киімге теңеу арқылы көп нәрсені астармен жеткізуде. Ибн Аббас айтқандай, Алла Тағала жомарт, халим, астарлап айтады. Халқымызда «Адам көркі – шүберек» деген сөз бар. Жақсы киім адамға қалай көрік берсе, жақсы әйел ерге, жақсы ер де әйелге солай көрік береді. Демек ер мен әйел – бір-бірін көрікті ететін жандар.
Киім адам денесіне ең жақын нәрсе болғандықтан, ер мен әйел бір-біріне ең жақын жандар болуы тиіс. Киім денедегі кемшілікті немесе айыпты жасырып тұратыны секілді, ер мен әйел бір-бірінің айыбын, кемшілігін өзгелерден барынша жасыруы қажет. Киім ыстық пен суықтан қалай қорғаса, ер мен әйел бір-бірін өмірдің түрлі сынақтарынан қорғап, қорғаныш болуы керек.
Алла Тағала сіз бен біздің отбасымызға бақыт пен береке нәсіп етіп, мойнымыздағы міндеттерді абыроймен атқаруға күш-қуат пен даналық бергей. Әмин!