БІЛІМ – БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ 3556

БІЛІМ – БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ

01 қыркүйек 2024 702 Оқу 1 минут

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

Асыл дініміз Исламда пайдалы білім алудың мәні ерекше. Тіпті, мұсылман ер мен әйелге білім алу – парыз. Дінімізде білім алудың маңызы жоғары болса, хикметті, яғни даналық ілімін үйренудің де орны айрықша.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген.

Білім мен хикмет – үлкен нығмет. Бұл хадистен осы нығметті иемденіп алуға ең әуелі мұсылман баласы лайықтырақ екенін аңғарамыз.

Расында, қай кезеңде, қай қоғамда болсын, өз дінін, тілін, тарихын, мәдениеті мен әдебиетін білген, сонымен қатар шет тілдерін меңгерген, ойлау деңгейі жоғары тұлғалар қашан да көшбасшы болған. Олар қоғамның үлгі алар тұлғасына айналған.

Алла Тағала білім мен хикмет ілімін үйренген пендесінің дәрежесін арттырып қояды. Қасиетті кітабымыз Құранда: «Алла сендердің араларыңнан иман келтіргендер мен білім иелерін жоғары дәрежелерге көтереді» («Мүжәдәлә» сүресі, 11-аят) делінген. 

Біз имамдар форумында қабылданған «Бүгінгі мұсылманның келбеті» құжатында, «Жеті рухани қазық» Тұғырнамасында білім алудың маңызын айрықша атап өттік. Жеті рухани қазықтың бір ұстыны ретінде білім алуды бекіттік.

Расында, бүгінгі, яғни ХХІ ғасырдың мұсылман қауымы біліммен қатар даналық ілімін бойына сіңіріп, қоғамды ізгілік пен бірлікке бастаушы тұлғаларға айналуы тиіс. Өйткені, қазіргі заманға аса қажетті құндылықтар – терең білім, көркем мінез, дінді ұстанудағы даналық, бірлік, ұлтжандылық, ел игілігі жолындағы жанашырлық қызмет, т.б.

Өркениетке қадам басқан бүгінгі кезеңдегі басты қуат – білімде. Алаш ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста іспетті, не істесе де келістіріп істейді» дейді.

Білімді адам өз ортасынан оқ бойы озып, еліне, жеріне, ұлтына, дініне аянбай қызмет етеді. Алған білімді халық игілігіне жұмсау – сауабы мол амалдың бірі. Көзі ашық азаматтар әр салада көш бастап, елдің көсегесін көгертері хақ. Ел қамын ойлаған адам үшін халықтың болашағы қашан да ұлы мұрат болып қала береді.

Біз өз ұрпағымызды білімге баулумен қатар, тәрбиесін де түзеп отыруымыз керек. Бұл – ата-анадан бастап, жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне алаңдаған барлық азаматқа ортақ жауапкершілік.

Сіздерді, барша ұстаздар мен шәкірттерді білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Алла Тағала отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, сауабы мол қызметтеріңіздің жемісін көруді нәсіп еткей!

Жаратушы Жаббар Иеміз сіз бен бізге пайдалы білім мен хикмет нәсіп етіп, соған сай амал етуді жазғай! Хақ Тағала еліміз бен жеріміздің амандығы мен болашағы жолында қызмет етіп жүрген жандарға жар болғай! Әмин!