Діни оңалту жұмысына жауапты мамандардың біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті
Ақтөбе қаласында ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен «ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ИСЛАМНЫҢ ОРНЫ» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция аясында діни оңалту жұмысына жауапты мамандардың біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті.
Семинарға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ Сарапшылар кеңесінің мүшесі, «Нұр Мүбарак» университеті ректорының кеңесшісі Рақымжан Әкімбеков пен аталған оқу орнының аға оқытушысы Нұржан Стамбакиев, ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Ташайұлы мен имамдар, ұстаздар, теологтар жалпы 70-тен аса адам қатысты.
ҚМДБ Төрағасы діни оңалту бағыты бойынша атқарылып жатқан кешенді жұмыстарға тоқтала келіп: «Жастарымызды жат ағымдардан сақтандыру, ағымдар жетегінде кеткен жандарды оңалту мақсатында мүфтият жанынан 2020 жылы Діни оңалту бөлімін аштық. Еліміз бойынша 200-ге жуық діни оңалту маманы қызмет істейді. Оңалту мамандары мешітке келіп жүрген және түзеу мекемелеріндегі жамағатпен тікелей жұмыс істеп, оларды оңалту және қоғам құндылықтарына бейімдеу бойынша кездесулер, ықпал ету акциялары, басқа да іс-шараларды белсенді түрде ұйымдастырып келеді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Семинар барысында
Хасан Аманқұлов,
Рақымжан Сабыржанұлы, Нұржан Жақсылықұлы баяндама жасап, оңалту жұмыстарына қатысты әдіс-тәсілдерді атап өтті. Сонымен қатар қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды тұщымды жауап берді.
Шара қортындысында ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлынан қатысушыларға сертификат табыстады.
Айта кетейік, ҚМДБ Діни оңалту бөлімі ашылғалы бері еркіндікте – 1286, түзеу мекемелерінде – 457, барлығы 1 743 адам деструктивті ағым идеологиясынан бас тартып, толықтай оңалды. Сондай-ақ осы жыл ішінде еркіндіктегі – 1286, түзеу мекемелеріндегі – 306, барлығы 1492 қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі