БАС МҮФТИ ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ 2968

БАС МҮФТИ ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ

06 қазан 2023 112 Оқу 1 минут

ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе қаласында өткен «Қазақ руханиятындағы дәстүрлі Исламның орны» республикалық ғылыми-танымдық конференциясында баяндама жасады.

Бас мүфти өскелең ұрпақты жат ағымдардың шырмауынан сақтау керек екенін алға тартып, оның төте жолы ретінде ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақтың жері, тілі, діні, дәстүрі үшін тер төккен тұлғаларының өнегелі өмір жолы мен ел үшін сіңірген еңбектерін дәріптеу, дін саласындағы, әсіресе жат ағымдардың алдын алу, діни оңалту салаларындағы жұмыстарды жетілдіру екенін алға тартты.

«Алла Тағала Құрандағы «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған. Ал ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіңе әрі балаңа ғұрыпқа сай жететін нәрсені ал!» деген. Салт-дәстүр қашан да халқымызды ізгілікке үндеген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл бағыт бойынша ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, бағытындағы жұмыстарды жандандыру бағытында мүфтият жанынан «Дін мен дәстүр» бөлімін аштық. Жаңа бөлім дін мен дәстүр сабақтастығын жалғай отырып, ізгі қоғам қалыптастыруға атсалысып келеді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылған сәтінен бастап түрлі деструктивті ағымдарға қарсы жұмыс істеп келе жатқанын, осы мақсатта Діни оңалту бөлімі құрылғанын алға тартты.

«Соңғы төрт жылда діни оңалту мамандары – имам-ұстаздарымыз түрлі ағым жетегінде жүрген 1700-ге тарта адамның дәстүрлі Ислам түсінігіне оралуына себепкер болды. Қазіргі уақытта әр облыстағы жат ағым жақтастары көбірек келетін мешіттер тізімі жасалып, ол жерге өзге облыстардан білікті мамандарды 15 күнге қызметтік тәжірибе алмасуға жіберудеміз. Сол арқылы оңалту саласының маманы өз тәжірибесімен бөлісіп, өзге өңірдің оңтайлы әдіс-тәсілдерімен танысуда» деді ҚМДБ Төрағасы.