ӘДІЛДІК БАР ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БАР
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауын Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды бетбұрыс деп қабылдадым. «Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады» деді Президент өз сөзінде. Әділдік бар жерде, береке бар, берекелі қоғам бар. Ал әділдік жоғалған жерде адам өмірінің берекесі болмайды.
Әділдік – нағыз мұсылманның сипаты, адамның әр ісін әсемдейтін құндылық. Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі – «әл-Адл», яғни Әділетті. Сондықтан Жаратушы Иеміз әділдікті сүйеді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Негізінде Алла әділдікті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды», делінген («Нахл» сүресі, 90-аят). Әділ болудың аясы кең. Яғни өтірік айтпау, біреудің ақысын жемеу, уәдеге берік болу, таразыдан алдамау, т.б. сипаттардың бәрі де – әділдіктің көрінісі.
Мемлекет басшысы Жолдауында Әділетті Қазақстан құру жолындағы реформалардың нақты бағдарларына тоқталды. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті қолдау, бәсекелестікті дамыту, салық және бюджет саясаты, жер қойнауын игеру, су тапшылығы, инвестиция тарту, ұлттық табысты әділ бөлу, еліміздің транзиттік қуатын арттыру, жергілікті жолдарды жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту, т.б маңызды міндеттерді шешудің жолдарын көрсетті. «Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы еліміздің басты құндылығы адам екенін баса айтып, тұрғындардың әлеуетін көтеру мақсатында ұлттық байлықты тең бөлуді және баршаға бірдей мүмкіндік беруді ұсынды.
Президент Жолдауында табысты ұлт болудың маңызды шарты білімнің сапасын көтеру екені айтылды. Осы бағытта оқушылардың жақсы білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынатынын хабарлады. Жоба аясында еліміздегі апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешілетінін атап өтті. «Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде» дей келе балаларды білімге баулып келе жатқан ұстаздардың беделін көтеру бағытында да оң өзгерістер жасалатынын айтты. Шынында, мемлекетіміздің дамуы жолында ұстаздардың сіңірген еңбегі зор. Президент Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екенін айтып, ұстаздарға ерекше құрмет көрсетті.
Жолдауда әсіресе балаларға көп жағдай жасалатыны, атап айтқанда, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылатыны, сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама қолға алынатыны айтылды. «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді», деді Президент. Бұл – Әділетті мемлекет орнатудың, Ұлттық қордың халық игілігіне жұмсаудың нақты қадамы.
Хақ Тағала Құранда: «Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады. Міне, осылайша Алла сендерге қандай керемет насихат айтуда. Шүбәсіз, Алла – Сәмиғ (айтқан сөздерің мен үкімдеріңнің бәрін естуші) һәм Басир (не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін көруші)» («Нисә» сүресі, 58-аят) деп әмір етеді. Әділетті мемлекет орнатудың тағы бір көрінісі қазылар қауымының қайта жасақталуы деп білемін. «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек», деді Мемлекет басшысы. Қазылардың білікті, адал, жемқорлықтан таза болуы қажеттігіне баса мән берді. Сондай-ақ судьялардың дербестігін арттыру, күштік құрылымдардың судьяларға қысым көрсетуі, жалпы сот жүйесін реформалауға қатысты нақты бағыттар айтылды.
Президент бүкіл қоғамға қатер төндіретін кісі өлтіру, қарақшылық жасау секілді қылмыстар мен отбасылық зорлық-зомбылықтың көбейіп бара жатқанын да еске салды. Отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайтынын айта келіп: «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын», деді. Расында, әрбір мұсылман ер адам өз отбасына жауапты. Отағасы өз отбасына қамқор болуға тиіс. Хадисте: «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы қарағандарың», – делінген.
Соңғы үш жылда елімізде синтетикалық есірткі тұтынатындардың 10 есе көбейгенін алға тартып, мұндай есірткі саудасын «аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел» деп бағалады. Президент тиісті органдарға жалпыұлттық деңгейде синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жүргізуді және осы бағытта кешенді жоспар әзірлеуді міндеттеді. Сондай-ақ интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың да жолын кесуді тапсырды.
Мұндай реформалардың барлығы да мемлекетімізді және қоғамның барлық саласын жаңғырта түсетінін мәлімдеген Мемлекет басшысы Жолдауын: «Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы» деп нықтады. Шынында, бұл реформалардың барлығы да береке мен бірлікті ту еткен Әділетті Қазақстанның жаңа бағдары деп білеміз.
Жаратушы Жаббар Иеміз Құранда: «Көкті (аспан әлемін) көтерді және Таразыны (әділдікті, болмыстағы мінсіз өлшем мен тепе-теңдікті) орнатты. Таразыдан (әділдіктен, негізгі өлшем мен тепе-теңдіктен) ауытқып, шектен шықпауларың үшін. Таразыны әділ тартыңдар (сөзде де, істе де қара қылды қақ жарғандай әділ болыңдар). Таразыдан жемеңдер, өлшем мен тепе-теңдікті бұзбаңдар» («Рахман» сүресі, 7-9-аяттар) деп әмір етеді.
Әділдік бар жерде береке бар. Мемлекет басшысы айтқандай, Әділетті Қазақстанды бірге құрайық, қасиетті Отанымызды бірге өркендетейік!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти