АЛЛА ЕЛШІСІНІҢ МҰҒЖИЗАЛАРЫ
Мұғжиза сөзінің тілдік мағынасы дәрменсіз, әлсіз қалдыру деген мағынаны білдіреді. Ал діни мағынасы – табиғат заңдылығынан тыс, қарапайым адамдар жасай алмайтын Алланың пайғамбарларға берген тосын құбылысы. Адам атадан бастап Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейін қанша пайғамбар келген болса, барлығының Алла Тағала берген мұғжизалары болған.
Мұғжиза пайғамбарлық келгеннен кейін берілген. Ал пайғамбарлық келмей тұрып, пайғамбар болатын адамға берілетін кейбір тосын құбылыстар «ирхас» деп аталады. Мысалы, хазіреті Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүт анасы Халиманың үйіне береке әкелуі, үстінде бір шөкім бұлттың жүруі секілді табиғат заңдылығына қайшы істер ирхасқа жатады. Ал мұғжиза пайғамбарларда ғана болады әрі адамдарға өзінің пайғамбар екенін растау үшін Алладан беріледі. Мысалы, Алла Тағала Сүлейменге (оған Алланың сәлемі болсын) жел мен жындарды басқару және барша жаратылыстың тілін түсіну мұғжизасын берген. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың уақытында сиқыршылық қатты белең алғандықтан, оның аса таяғы жыланға айналатын болған әрі қолын қойнына салғанда қолы аппақ болып кететін. Исаның (оған Алланың сәлемі болсын) уақытында медицина қатты дамығандықтан, Иса пайғамбарға кез келген ауруды емдей алатын мұғжиза берілген. Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға басқа пайғамбарларға қарағанда өте көп мұғжиза берілген. Пайғамбарымыздың ең үлкен әрі ақырет күніне дейін қалатын мұғжизасы – Құран Кәрім.
Оқуды да, жазуды да білмейтін Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран Кәрім 40 жасында түсті. Оқуды да, жазуды да білмейтін адам мұндай шешендік өнердің бәрін қамтыған кітапты өзі жазуы мүмкін бе? Әлбетте бұл кітап – Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алладан жіберілген мұғжиза. Алла Тағала «Исра» сүресінің 88-аятында: (Уа, Пайғамбар) «Егер адамзат пен жындар осы Құранға ұқсас нәрсе келтіру (ойлап табу) үшін жиналып, бір-біріне көмектессе де, оған ұқсас нәрсе келтіре алмайды» деп айт», – деген болатын.
Құран Кәрімде өткен замандағы және келешекте болатын оқиғалар жайында да хабар береді. Ал ғайыпты Алладан басқа ешкім білмейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи арқылы мұны білген. Осы орайда Құранда айтылған ғайып істердің кейбірін келтіре кетсек.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеде тұрған уақытында Иран мен Рум патшалықтары арасында соғыс болып тұратын. Рум халқы – насара, ал ирандықтар мажуси дінінде еді. Араб мүшріктері мажусилерге болысып, олар румдықтарды жеңген сайын біз сендерден үстембіз деп айтатын. Бұл Пайғамбарымызға ауыр тиетін еді. Осы кезде Алла Тағала төмендегі «Рум» сүресінің: «Румдықтар (парсылардан) жеңілді. (Арабтарға) жақын жерде. Алайда (румдықтар) олардың (парсылықтырдың) осы жеңісінен кейін (парсылықтарға қарсы) жеңіске жетеді», – деген аяттарын түсірді. Алла Тағала уахи еткендей, көп ұзамай румдықтар парсыларды жеңеді. Сондай-ақ Құранда барлық пайғамбарлардың қиссалары айтылған. Мұның бәрін Пайғамбарға Алла Тағала білдірмегенде, оны қайдан білетін еді. Алдыңғы өткен пайғамбарлардың мұғжизалары өздері дүниеден өткеннен кейін ғайып болды. Ал Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) берілген ең үлкен мұғжиза Құран Кәрім Қияметке дейін үмметінің қолында болады әрі онымен амал еткен адам Қияметке дейін хақ жолдан адаспайды. Өйткені Құранда Алланың бұйрықтары, тыйымдары, пайғамбарларға иман келтіргені, иман келтірмеген қауымдардың жағдайы, халал, харам секілді нәрселер баяндалады. Сондықтан Құранның ең үлкен мұғжиза екеніне еш күмән жоқ. Алайда оның мұғжизалығын білу үшін ақылды іске қосу, пікір жүргізу керек.
Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі түрлі мұғжиза берген. Біріншісі – ақли, екіншісі – хисси (сезім мүшелері арқылы көрінген) мұғжизалар. Құран Кәрім – Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) берілген ақли мұғжиза. Ал хисси мұғжиза деп адамдарға көрсетілетін табиғат заңдылығынан тыс істерді айтамыз. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хисси мұғжизасы өте көп. Солардың кейбіріне тоқталайық.
Айдың екіге бөлінуі. Құрайыш басшылары Уәлид бин Мұғира, Әбу Жәһл және басқа да кісілер Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Егер сенің айтып жатқаның шындық болса, бізге айды екіге бөліп көрсет», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «Егер солай етсем, иман келтіресіңдер ме?» – дейді. Олар: «Иә», – деді. Ол түні 14 күндік ай толған болатын. Алла елшісі айға бармағымен ишара етіп, ай Алланың бұйрығымен екіге бөлінді. Бір бөлігі орнында, екінші бөлігі Хира тауының тұсында көрінді. Пайғамбарымыз оларға: «Куә болыңдар», – деді. Олар сондай мұғжизаны көріп тұрса да: «Мұхаммед бізді сиқырлады, көзімізді байлады», – деп иман келтірмеді. Құран Кәрімдегі «Қиямет жақындады, ай жарылды», – деген аят – осы мұғжизаға ишарат. Бұл мұғжиза аят және хадиспен бекіді. Сондықтан бұл мұғжизаны мойындамау Құранды мойындамаумен пара-пар.
Исра, Миғраж оқиғасы. Бұл да – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлкен мұғжизасының бірі. Алла елшісі пыраққа мініп, Харам мешітінен Ақсаға барып, одан жеті қақ көкке көтеріледі. Сөйтіп ол жерде пайғамбарлармен жолығады. Осы сапарында бес уақыт намаз парыз болады. Бұл Пайғамбарымыздың рухы және денесімен әрі ояу хәлінде болған сапары еді. Бұл мұғжиза да Құранда және хадистерде баяндалған.
Ағаштардың, тастардың Пайғамбарымызға сәлем беруі, пайғамбар екеніне куәлік етуі. Омардан (Алла оған разы болсын) келген риуаятта бір жорыққа шыққанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолда кетіп бара жатқан арабты көріп: «Жақсылыққа жетуді қалайсың ба?» – деп сұрайды. Ол: «Қандай жақсылық?» – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала Мені жер жүзіне пайғамбар етіп жіберді. Жақсылыққа жету жолың сол», – деді. Ол: «Сенің пайғамбар екеніңді қайдан білемін. Бұл сөзіңе кім куәлік береді», – деді. Пайғамбарымыз сайда өсіп тұрған ағашқа қарап: «Сол куәлік береді», – деді. Сен оған барып: «Алланың елшісі сені шақырып жатыр», – деп айт деді. Ол ағашқа барып айтқанда, өсіп тұрған бір ағаш тамырымен бірге қозғалып, Алла елшісінің қасына келіп: «Ассаламу әлейка, уа Расуллалла!» – деп сәлем береді. Бұл мұғжизаны көрген әлгі араб иман келтіреді. Жәбир ибн Сәмурадан (Алла оған разы болсын) келген риуаятта: Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Меккеде бір тас бар. Мен пайғамбар болып жіберілмес бұрын маған қасынан өткен сайын: «Ассаламу әлейка, уа Расуллалла!» деп сәлем беретін. Мен оны қазір көрсем де жақсы білемін», – деген.
Құрма ағашы діңгегінің жылауы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітте уағыз айтқан кезде құрма діңгегіне сүйеніп тұратын. Мұсылмандардың саны артып жатқаннан кейін сахабалар Пайғамбарымызға жаңа мінбер жасауға ұсыныс жасайды. Алла елшісі бұл ұсынысты қабыл алады. Сөйтіп көп ұзамай мінбер дайын болып, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үстіне шығып уағыз айтып жатқанда жылап, боздаған дауыс естіледі. Алла елшісі мінберден түсіп, құрма діңгегін сипағанда дауыс сап тыйылады. Сонда Пайғамбарымыз сахабаларына қарап: «Егер мен оны сипамағанда Қияметке дейін боздап тұрар еді», – деді.
Аз ғана судың, тағамның көбеюі. Жәбир бин Абдулла (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Худайбия жорығында адамдар судың жоқтығынан қатты шөлдеді. Пайғамбарымыз намаз оқу үшін қасындағы ыдыстағы сумен дәрет алды. Сонда сахабалар келіп: «Уа, Алланың елшісі! Бүкіл әскер шөлдеді. Сіздің алдыңыздағы судан басқа дәрет алатын да, ішетін де басқа су қалған жоқ», – деді. Сол уақытта Пайғамбарымыз қолын әлгі ыдысқа салды. Саусақтарының арасынан су аға бастады. Бәрі сол судан қанып ішіп, дәрет алды. Жәбирдің айтуы бойынша, бұл жорықта 1400 кісі бар еді. «Егер жүз мың болса да су бәріне жетер еді» деген ол. Осыған ұқсас мұғжизалар бірнеше жерде болған.
Әбу Айюб Ансари (Алла оған разы болсын) екі кісіге жетерлік тамақ дайындап, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен Әбу Бәкірді (Алла оған разы болсын) үйіне қонаққа шақырады. Пайғамбарымыз Әбу Айюбқа ансарлардың ұлық сахабаларынан 30-ын шақыр дейді. Осылайша тағы да бірнеше адамды шақырады. Әбу Аюб (Алла оған разы болсын): «Алла елшісіне дайындаған екі кісілік тамақты 180 кісі жеп тойды. Бұл мұғжизаны көрген мүминдердің иманы одан сайын күшейіп, Алла жолында мал-жанын аямауға серт берді», – деген.
Ауруларды емдеуі. Ауру адамдарды емдеу де Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұғжизаларының бірі болған. Мысалы, Қатаданың (Алла оған разы болсын) көзі бір жорықта, бетіне дейін шығып кетеді. Пайғамбарымыз оның көзін алып, орнына қайта қойып береді. Сол көзі сау көзінен де жақсы көретін болған. Сондай-ақ Әлидің (оған Алла разы болсын) көзін де Хайбар жорығында емдеп берген. Одан кейін Әлидің көзі мүлдем ауырмаған.
Жануарлардың тілін түсінуі. Жануарлардың тілін түсіну де – Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) берілген мұғжизалардың бірі. Жағфар бин Әбу Тәліптен (оған Алла разы болсын) келген риуаятта: «Пайғамбарымыз бір кісінің бақшасына кіргенде, бір түйе Пайғамбарымызды көріп көзінен жас ағады. Пайғамбарымыз түйеге жақын келіп, оның көзін сүртіп жатып: «Бұл түйенің иесі кім?» – дейді. Ансарлардың бірі жас жігіт: «Уа, Алланың елшісі! Бұл менің түйем», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иесіне оған зұлымдық жасағанын, аш қалдыратынын айтып, түйесіне дұрыстап қарауды тапсырды.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы секілді мұғжизалары өте көп. Кейбір ғалымдар Алла елшісінің 1200 мұғжизасы бар десе, кейбірі одан да көп деген. Жоғарыда айтқанымыздай, Пайғамбарымызға берілген ең үлкен мұғжиза – Құран Кәрім. Алдыңғы пайғамбарлардың мұғжизалары сол уақытпен шектелсе, Құран Кәрім – Қияметке дейін жалғасатын мұғжиза. Ендеше, Алла Тағала баршамызға Қияметке дейін мұғжиза болып түскен Құран жолымен жүруімізді нәсіп етсін!
Медет ҚҰРСАҚОВ
«Иман» журналы, №9, 2023 жыл