«Дархан дала»: Исатай Тайманұлы кесенесіне барды
Қобда ауданындағы «Шәріп молда» мешітінің ұстазы Баян Мергенғалиқызының қатысуымен Қобда ауданының музей меңгерушісі Ергалиева Гүлбаршынның ұйымдастыруымен «Дархан дала» жобасы аясында әйелдер жамағаты Шейітсай қорымындағы Исатай Тайманұлы батырдың кесенесіне барды.
Шара барысында «Ел теңдігін аңсаған ер Исатай» атты семинар өтті. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының азаттық үшін жүргізген жорықтары мен тарихи маңызы жан-жақты талданып, рухани тәрбие мен ұлттық сананың маңызы кеңінен баяндалды.
Семинарға қатысушылар батырлардың ерлік жолы мен ел тәуелсіздігі жолындағы күресі туралы терең мағлұмат алып, олардың рухына тағзым етті.
Айта кетсек, «Дархан дала» жобасының басты мақсаты — қазақ халқының тарихи мекендерінде жамағатпен бірге зиярат жасап, ата-баба аманатына терең үңілу, халқымыздың бай мұрасын тану арқылы ұлттық рухты көтеру.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі