Ұлттық ойын – садақ атудан жарыс өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 20 наурыз ұлттық спорт күні болып бекітілді. Сондай-ақ ҚМДБ биылғы жылды «Ислам және Дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады. Осыған орай, Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданының бас имамы Марал Иманғалидің ұйымдастыруымен аудандық садақ атудан спорттық сайыс өтті.
Жарыстың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды қоғамда барынша дәріптеп әрі оның маңызын көпшілікке ұғындыру. Сонымен қатар жамағаттың ауызбіршілігін арттырып, ынтымағын нығайту.
Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлының қатысуымен өткен сайыста жамағат мергендіктен өзара бас сынасты. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен марапаттар табысталды.
Садақ ату – ұлтымызда аса дәріптелген әрі ерекше мән берген спорт түрі. Ол адамды мергендікке үйретумен қатар, лезде дұрыс,нақты шешім қабылдауға, ой мен істің бір жерде тоғысуына тәрбиелейді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да өз хадис-шәрифтерінің бірінде :«Балаларыңа атқа мінуді, жүзуді және садақ атуды үйретіңдер» - деп садақтың маңыздылығын ұқтырған.