БАС МҮФТИ FLYNAS ӘУЕ КОМПАНИЯСЫ БАСШЫЛЫҒЫМЕН КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ 1720

БАС МҮФТИ FLYNAS ӘУЕ КОМПАНИЯСЫ БАСШЫЛЫҒЫМЕН КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ

15 мамыр 2022 107 Оқу 1 минут

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған жұмыс тобы Жиддадағы Бас консул Талғат Шалданбайдың қатысуымен FLYNAS әуе компаниясы басшылығымен жүздесті.

Сауд Арабиялық компанияның өкілі Халид Абдуллах әл-Худжаиримен кездесу барысында Бас мүфти елдегі қажылардың атынан келіп отырғанын мәлім етті. Өзара сұхбат кезінде Діни басқарма Төрағасы Қазақстан қажылары үшін мүмкіндігінше жеңілдік сұрап, қазіргі экономикалық жағдайға байланысты осы өтінішін назарға алса деді.

Өз сөзінде Халид Абдуллах қажылық маусымында FLYNAS әуе компаниясы 20 елге қызмет көрсететінін, оның ішінде қырғыз елі де осы компаниямен келісімге келгенін айтты.

Келіссөздер жүргізу барысында қазіргі таңда Сауд Арабиясында қосымша құн салығының 15 пайызға, әуе жанар-жағармайының 40%-ке өскені айтылды. Сондықтан бағаны төмен түсіру олар үшін де тиімсіз екенін тілге тиек етті.

Өз кезегінде Бас мүфти ең алдымен қазақстандық қажыларға қолайлы жағдай жасаған және бәсекелестікті қамтамасыз етуде тиімді баға ұсынған басқа да саудиялық компаниялармен келіссөздер жүріп жатқанын жеткізді. Осы орайда қажылар үшін қай әуе компаниясы тиімді баға ұсынса сонымен ұшу көзделеді.

Айта кетейік, FLYNAS әуе компаниясымен ҚМДБ арасындағы келіссөздер тағы да жалғасады.