Шалқар Бас имамы Бозой ауылына арнайы іс-сапармен барды 3414

Шалқар Бас имамы Бозой ауылына арнайы іс-сапармен барды

13 маусым 2024 291 Оқу 1 минут

Шалқар ауданының Бас имамы Абзал Медетбеков «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Бозой ауылына арнайы іс-сапармен барды.

Алдымен ауданның Бас имамы Абзал Медетбеков пен қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің имамы Асан Жетписбаев жергілікті мешітке барып, ондағы ахуалмен танысып, құлшылық үйінің жұмысын жандандыру, уағыз-насихат, қайырымдылық бағытындағы шараларды күшейту жөнінде ауыл имамы Шерхан Батырханұлына тапсырма берді. 

Шалқар ауданына қарасты Бозой ауылына ат басын бұрған қос имам  ауыл әкімі Жұбаназаров Жасұлан Арышұлымен жүздесіп, ауылдағы діни ахуалды сөз етті. Содан кейін игі шара Бозой ауылы әкімдігінің ғимаратында жалғасын тауып, Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков ауыл ақсақалдары және халқымен кездесу өткізді. Жергілікті ауыл әкімдігінің ғимаратында халықпен кездескен ауданның Бас имамы өңірдегі діни ахуал, дін мен ділді, ұлттық тәрбиені, береке-бірлікті дәріптеудегі аға буынның рөлі туралы айтты. Ауыл тұрғындарының пікірлері тыңдалып, сұрақтарға жауап берілді.

«Мешіт – ортақ құндылық. Ислам да солай. Оны дәріптеу дін қызметкерлерінің ғана міндеті емес, бұл – тұтас қоғамның міндеті. Рухани қуатты, дініне берік, білімді ұлттың болашағы қашан да жарқын болады. Баршаңызды осыған шақырамын!»,-деді кездесу қортындысында Абзал Медетбеков.

Одан өзге «Аманғали ахун Итесұлы» мешітінің имамы Шерхан Батырханұлы мен ауыл әкімі Жасұлан Арышұлы құрылысқа жауапты мамандармен бірге Шалқар ауданының бас имамына жүргізіліп жатқан жаңа мешіттің құрылыс барысын таныстырды. Өз кезегінде аудан Бас имамы Абзал Медетбеков салынып жатқан жаңа мешіттің жұмысына сәттілік тілеп, құрылыс жүргізуші азаматтарға ризашылығын білдірді.

Игі шара соңында Бас имам мешіт жамағатымен кездесіп, «Исламдағы ауызбіршілік пен бауырмалдық» турасында уағыз айтып, сұрақтарға жауап берді.