Ақтөбе облысында жаңа мешіт ашылды 3434

Ақтөбе облысында жаңа мешіт ашылды

19 маусым 2024 1094 Оқу 1 минут

 Алладан сауап үміт еткен жомарт жандардың демеушілігімен Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Бершүгір ауылында 300 адамдық сыйымдылықты қамтыған ауылдық мешіті ашылды.  Алланың үйінің ашылу лентасын облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы қиды. Салтанатты шара қасиетті Құран аяттарын оқумен ашылып, облыстың Бас имамы батасын жасады. Ал шара барысында құрметті қонақтар рет-ретімен сөз алып, жүрекжарды лебіздерімен бөлісті. Көпшіліктің қуанышымен бөлісуге арнайы келген облыстың Бас имамы: «Құрметті Бершүгір ауылының тұрғындары, бүгін Алланың үйі – мешіт халық игілігіне берілді. Бүгінгі жер бетіндегі ең қасиетті ең таза мекен Алланың үйінің ашылуы баршаңызға құтты болсын! Мешіт – адамдарды мейірімділікке, сүйіспеншілікке шақыратын, бір-біріне қамқор болып, қол ұшын беретін, мұқтаж болған адам жанына тыныштық табатын, сондай бір қасиетті, ұлық мекен. Бұл – имандылықтың, білімнің, тәрбиенің ордасы. Мешіт салу – Алла Тағаланың сүйген құлдары пайғамбарлар шұғылданған қасиетті іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресінің 18-аятында: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға иман келтіріп, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі тұрғызады. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі», - деп құттықтай келе, аталған ғибадат үйінің салуына демеушілік танытқан жомарт жандарға ерекше алғысын білдіріп, алғыс хаттар табыстады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла үшін мешіт салса, Алла Тағала оған тура сондай етіп, жәннатта бір үй тұрғызады», – деген имам Бұхари, Муслим. Одан өзге құрметті қонақтар ақ жарма тілектерін айтты. 

Шара қортындысында Серікжан Еншібайұлы жастарға имандылық тәрбие беріп, асыл дінімізді насихаттайтын құтты мекенге айналса деген ниетте мешітке арнайы алдырған Құран кітаптары мен һадияны тарту етті. Ашылу салтанатынан кейін жамағатқа облыстың Бас имамы жұма уағызын айтып, намаз жүргізді. Ал ауданның имамы Абзал Медетбеков пен мешіт жамағаты арнайы келген қонақтарға арнап ас берді. 

Жаңа мешіт ел халыққа игілік сыйлаған, тазалық пен туралыққа шақырған,тақуалардың мекені болуды Алла Тағала жазсын!  


Ақтөбе облыстық орталық   

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі