Ақтөбе: Онлайн құрбан шалу насихатталуда
Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алғаш рет онлайн құрбан шалу шарасын қолға алды. Жоба мақсаты – құрбан шалғысы келген жандардың ниетін амалға асыруға карантин талаптарын сақтай отырып жәрдемдесу.
Ақтөбеде аталмыш жобаны және айтулы мерекені облыс аумағында атап өтудің басқа да жөн-жоралғылары кеңінен насихатталуда. Облыс әкімдігінің қолдауымен Ақтөбе арнасының «Ақпараттық сағат» атты 50 минуттық тікелей эфиріне Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан екі рет шығып, халыққа ақпарат беріп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Құрбан айт мерекесін атап өтуге қатысты арнайы брифинг өтіп, оған Облыс Бас имамы Төлеби Оспан, Облыстық Дін Істері басқармасының Басшысы Әлімбек Тұралиев және Облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау Комитеті аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Убайдулла Әуелбаев қатысты. Брифингте Бас имам айтулы мерекеге қатысты муфтият мәлімдемелерін баяндаумен қатар онлайн құрбан шалудың тәртібі, айт күндері карантин талаптарын сақтау, хасапшыларға қойылатын талаптар мен құрбандыққа жарамды малдар жөнінде ақпарат берді.
Бұдан бөлек Бас имам Төлеби Оспан «РИКА» телеарнасының «Әкім сағаты» атты жарты сағаттық тікелей эфиріне де шығып, қасиетті Құрбан айт мерекесіне қатысты тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы Нұрлыбек Күзенбаев жергілікті «Тандем» радиосының «Біздің тақырып» бағдарламасына және «РИКА» телеарнасының «Сөзіңіз аузыңызда» бағдарламасына арнайы сұқбат берді. Сұқбат барысында биылғы Құрбан айт мерекесін атап өтудің ерекшеліктері, карантин кезіндегі муфтият іске қосқан qurban2020.kz сайты арқылы онлайн Құрбан шалуға тапсырыс беру тәртібін кеңінен таныстырды.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің Баспасөз қызметі