Ақтөбеде қос бірдей көпір ашылды
16 тамыз 2020
190
Оқу 1 минут
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешіт салу, құдық қазу секілді көпір салу ісі де сауапты амалдардың қатарына жататындығын айтып, сүйіншілеген. Көпір ауыл мен ауылдың, елді мекендердің арасын жалғап, халықтың мұқтаждығын өтейді.
Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен бүкіл ел аумағында көпірлер салу ісі қарқынды жүргізіліп жатыр. Мұндағы мақсат – мешіт салу ісімен қатар, халық мұқтаждығын өтейтін көпір салу ісін де сауапты амал ретінде насихаттау.
Осы орайда облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті Ақтөбе қаласының Алматы ауданына қарасты Қарғалы ауылында қос бірдей көпір салып, тұрғындар игілігі үшін пайдалануға берілді. Әрине, бұл іске Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі мен қала халқының қаржылай үлес қосқанын айрықша айта кеткен жөн. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Жанкелді Қарабалин көпірді салу жұмыстарын толықтай өз ұжымымен тегін жүргізді. Көпір салу жұмыстарына 2 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды.
Бұрын тұрғындар өз күшімен ағаштан жасап алған «қылкөпір» талай адамды әбігерге салып, әсіресе мектепке қатынайтын балалар үшін үлкен машақат туғызатын. Міне, ҚМДБ-ның Ақтөбе облыстық өкілдігінің ұйытқы болуымен Қарғалы өзені бойына салынған қос бірдей көпір енді тұрғындардың қуанышына айналып отыр. Ақтөбе өкілдігі көпір салуға атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтып, қалталы кәсіпкерлерді осындай жақсылықтың жаршысы болуға шақырады.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі