АЛЛАНЫҢ ТҮСЕТІН НАЗАРЫ – ЖАН МЕН ТӘН ТАЗАЛЫҒЫ
Асыл дініміз Исламда тазалық мәселесіне қатысты түсінік екіге бөлінеді. Біріншісі – ішкі тазалық, екіншісі – сыртқы тазалық. Ішкі және сыртқы тазалық – егіз ұғым. Бірін бірінсіз елестету мүмкін емес. Өйткені екеуі де – мұсылманның иманына тікелей әсер ететін құндылық. Ой, сөз, ниет, көңіл, жүрек, пейіл тазалығы – ішкі тазалыққа қатысты ұғымдар. Ал дене, киім-кешек, үй, қоршаған орта тазалығы – сыртқы тазалыққа қатысты ұғымдар. Біз осы ретте ішкі және сыртқы тазалықтардың мәні мен маңызы жайлы ой қозғауды жөн көрдік.
Тазалық туралы ой қозғағанда ең маңызды мәселе еске түседі. Ол – ой мен істі, тұла бойды күнәлі істерден таза ұстау. Бабамыз Үмбетей жыраудың:
Суытпа босқа түсіңді,
Қайрама онша тісіңді.
Сырт тазасы не керек,
Тазарт әуел ішіңді, – деген өлеңінен ішкі тазалықтың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз.
Шын мәнінде адам баласы Алланың қалауымен таза болып жаратылады. Алайда адам өз ортасының, оның ішінде ата-анасының таным-түсінігіне, діни сеніміне сәйкес түрлі жаман әдеттерге бой алдырады. Осылайша тап-таза болмысын күнәлі іс-әрекеттермен кірлетеді.
Расында Ислам – тазалық діні. Адам жасаған күнәларына тәубе ету арқылы тазарады. Алайда күнәдан тазару үшін тәубеге қатысты шарттар қатаң орындалуы тиіс. Тәубе шарттары мынадай: білместікпен
жасаған істерін тәрк ету, күнә істеріне шынайы түрде,
яғни жүрекпен қатты өкіну және қайта жасамауға бекіну.
Жоғарыда айтқанымыздай, Исламда жүрек тазалығына аса мән беріледі. Өйткені жүрек – басқару орталығы, Алланың назары түсетін мекен. Адам баласының сана-сезімін басқаратын орталығы жүрек болғандықтан, оның тазалығына аса мән берген дұрыс. Алла Тағала мәңгілік мекенге сау жүрекпен келген пенделерінің азаптан құтылып, мұратына жететінін ескертеді.
Бұл туралы Құранда: «Ол күні (Қиямет күні) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Тек Алланың құзырына қалбун салиммен, яғни (рухани кеселдерден арылып) сау жүрекпен келген жан ғана азаптан құтылып, мұратына жетеді», – деп баяндалған («Шұғара» сүресі, 88-89-аяттар). Осы аятта айтылған «сау жүрек» сөзінің мағынасы жайында тәпсірші ғалым имам Рази (Алла оны рақымына алсын) былай деген екен: «Сау жүрек дегеніміз – жүректің надандықтан, жаман мінезден аулақ болуы. Яғни жүректің соқыр наным-сенімнен, теріс іс-әрекеттерден және дүние құмарлықтан арылуы».
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Назар аударыңдар! Адам ағзасында бір бөлшек ет бар. Егер ол түзу болса, бүкіл дене дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек», – деген хадисінде түсінген жанға үлкен ғибрат бар. Осы ретте «Жүрекке қандай құндылықтардың дәнін егуіміз керек?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сұраққа хазіреті Әлидің сөзімен жауап берген абзал: «Жүрегіңіз үш нәрсенің мекені болсын: иманның, үміттің және сүйіспеншіліктің».
Алла Тағала біздің дүниемізге, келбетімізге, қызметімізге яки қандай да бір жетістігімізге қарамайды. Алланың түсетін назары – жан мен тән тазалығы. Бұл туралы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Расында Алла Тағала сендердің бейнелерің мен дүниелеріңе назар аудармайды, алайда жүректерің мен амалдарыңа назар аударады», – делінген. Ізгі ғұламаларымыз айтқандай, адам баласы осы өмірде қалып кететін тәнін әсемдегенше, ақыретте өзімізбен бірге баратын, яғни мәңгі қалатын жүрегімізге көңіл бөлуіміз тиіс. Жүрегіміз рухани тәрбиенің бұлағы болғандықтан, оны ең әуелі иманға толтыруымыз керек. Иманға толы жүрек жамандықтан, надандықтан, күллі күнә атаулы істерден өзін аулақ ұстайды.
Ислам тарихына қарасақ, дініміз әлемдік өркениетке тазалық әкелді. Жан мен тән тазалығы Ислам арқылы жер бетіне тарады. Сахабалар мен ізгі жандар Исламды әлемнің әр бұрышына насихаттап, жеткізді. Сол жерде тазалық деген құндылық адамдар арасында кеңінен тарады. Сабын жасау, дәретхана қолдану, су құбырларын жүргізу, моншаға түсіп, тазалану сынды мұсылмандық әдептер Исламнан бастау алады. Тазалыққа қатысты күнделікті қолданатын заттарды ең әуелі мұсылмандар ойлап тапты. Бүгінде монша, су құбырлары жүйесі сынды тазалыққа қатысты жетістіктерді әлем халқы өз игіліктері үшін қолдануда.
Дініміз ішкі тазалықпен қатар сыртқы тазалыққа да аса мән береді. Ислам тарихынан ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хира үңгірінде алғаш рет «Оқы» деген аят түскенін жақсы білеміз. Осыдан кейін Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әмір ретінде түскен аят «Киіміңді тазала» («Мүдәссир» сүресі, 4-аят) деп аталады. Біз Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түскен алғашқы аяттардан-ақ мұсылманның өмірі үшін тазалықтың қандай маңызды екенін анық аңғарамыз.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы», – деген. Дене, киім, тамақ ішудегі тазалық, қоршаған ортаның тазалығы мұсылманның күнделікті өмірінде маңызды рөл атқарады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) киімнің, дененің тазалығы мен тамақ ішудегі тазалыққа көңіл бөлген. Бұған қатысты мынадай хадистерді мысал ретінде келтіруге болады: «Бес нәрсені адам баласы жаратылысынан қажетсінеді: мұртты басу, тырнақты алу, қолтықты түктен тазарту, ұятты жерді түктен тазарту және сүндетке отыру»; «Алла Тағала – жомарт, жомарт құлдарын жақсы көреді. Алла Тағала – таза, тазаланғандарды жақсы көреді. Сондықтан үйлеріңіздің маңайын таза ұстаңыздар»; «Тамақтың берекеті – тамақ ішердің алдында және тамақ ішіп болғаннан кейін қол жуу»; «Ешкім ұйқыдан тұра салысымен қолын үш рет жумайынша ыдысқа қолын салмасын. Өйткені түнімен қолының қайда қонғанын білмейді ғой».
Өзіміз мекен етіп отырған қоршаған айналамызды, яғни экологияны таза ұстау үшін ең әуелі тазалықты өз үйімізден бастағанымыз жөн. Ол жеке бастың тазалығынан басталады. Ыдыс-аяқты жуу, үйді таза ұстау, тамақтың алдында, сосын кейін қолды жуу, күнде таңертең және кешке тісті тазалау, таза киім кию сынды әдептерді ұл-қыздарымызға ұдайы үйретіп отырғанымыз абзал. Сонда тазалық әдебі олардың өмір сүру салтының біріне айналады. Ол үшін бұл іске ең әуелі өзіміз үлгі болуымыз керек.
Бала кезімізде ата-анамыз дастарқан басына отырар алдында қолды жууды, үлкеннен бұрын табаққа қол салмауды, тамақ жеп болған соң қолды міндетті түрде жууды, тамақты көпшілікпен бірге ішуді, тамақтанып алған соң сол жерді, дастарқан бетін тазалауды құлағымызға құйып отыратын. Аллаға шүкір, қазір ата-анамыздың бізге берген тәрбиесінің жемісін көріп келеміз. Соның нәтижесінде көпшілікпен бірге тамақ ішу бала кезден бойымызға сіңді.
Халқымыз «Отан отбасыдан басталады» демей ме? Қоршаған ортаның тазалығы отбасыдан басталады. Әрбір отбасы өз үйі мен балалардың жеке бас тазалығына, оның тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлсе қоғам, қоршаған ортаның табиғаты да таза болмақ.
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
«Иман» журналы, №7, 2023 жыл