Егемендіктің ертеңі – бірлікте!
Қазақтың тарихына көз жүгірткенде небір зұлмат пен нәубетті, аштық пен қиындықты, тартыс пен езгінің іздерін көріп, осыншама зұлматтан аман қалып, бүгінде етек-жеңі жиылып келе жатқан тәуелсіз елдің бет-бейнесін көріп, таңдай қақпау мүмкін емес. Бұл елдікті еңсеруде қаншама қан мен сарқылған тер, қыршын кеткен ғұмырлар мен үзілген тағдырлар жатыр.
Қаншама көрген қиындықтың есесіне мейірімі шексіз Жаратушымыз қазақтың маңдайына теңсессіз сый етіп тәуелдіздікті тарту етті. «Тәуелсіздік» деген кей жастарға жай ғана төрт буынды сөз болып көрінуі мүмкін. Бірақ терең ойланып, елін шын сүйетін жандар үшін бұл – аса құнды ұғым. Өйткені жер бетінде жаратылған қаншама ұлттар мен ұлыстар болса, соның ішінде тәуелсіз ел болуды, өз Отаны мен жері болғанын аңсап ғұмыр кешіп жатқаны жетерлік.
Бүгінде еліміз өзге елдер қызыға қарайтын мақсаты айқын, бағдары бүтін мемлекет болып қалыптасып келеді. Отыз жылдық тарихы бар егемен ел болса та, бүтіндейтін жеріміз бен дамытатын салаларымыз жоқ емес. Ең бастысы – әлемдегі алпауыт елдердің ыңғайына жұтылып кетпес үшін қазақ халқына бірлік керек. Хәкім Абай атамыз айтқандай, «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демекші, бірлігіне сызат түскен елдің көгеріп, өсіп-өнуі екіталай.
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана», – деп ынтымақ-бірлікке үндеген. Ал ынтымақ-бірлікке апаратын жол халықтың өзара тату болуына байланысты екені бесенеден белгілі. Себебі бірлік пен ынтымақтың берері – береке. Ал берекесі қашқан жердің ісі жауапсыз, не өзгеге берері, не өзгеден алары жоқ қамсыз, қайырсыз болары анық. Сондықтан да ұлтымыздың тарих сахнасында «Мәңгілік рухани жаңғырған ел» болып жарқырап тұруында ел бірлігінің мығым болуы, елдің әр азаматы «мен еліме, жеріме не беремін?» деген ниетпен қызмет жасауы мемлекетіміздің дамуын, өркендеп-өсуін, әлеуметтік тұрақтылығын арттыра түсері анық.
Қазақ қоғамы ежелден иісі мұсылман халық болғандықтан, қандай жағдайда болмасын тура жол табуда қасиетті Құран Кәрімді жолбасшы еткені белгілі. Бабаларымыз дініміздегі бірлік пен ынтымақ, жақсылықта жәрдемші болуға қатысты аяттарды басшылыққа алып, амал еткен. «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп, алауыздық дертінен сақтандырған.
Әлемдердің Раббысы, Мейірімі шексіз Алла Тағала: «Жер беті түзетілгеннен кейін бүлік шығарып, бұзақылық жасамаңдар. Одан қорқып әрі мейірімінен үміт ете отырып дұға етіңдер. Шүбәсіз Алланың рақымы ізгі жандарға өте жақын» («Ағраф» сүресі, 56-аят) деп, бірлікке, бейбітшілікке сызат түсірер істерден сақтандырған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шарифінде: «Жамағатпен бірге болып, бөлінуден сақтаныңдар. Шын мәнінде Ібіліс шайтан жалғызбен бірге, ал екі адамнан алыс. Кімде-кім жәннаттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын» деп ескерткен (Тирмизи).
Өткеннен сабақ алып, тарихқа көз жүгіртер болсақ, мықты деген алпауыт мемлекеттер бірлік арқылы өз елдігін түрлі қиындықтан сақтап қалғанын көреміз. Керісінше жері байлыққа толы, халқы тоқшылықта бола тұрып, ел ішінде ынтымағы болмаған жұрт өзгенің қақпанына оңай жұтылып, жоқ болып кеткенін тарих сан рет дәлелдеген.
Бірлік туралы сөз болғанда бабалар мұрасынан артық үлгі-насихат таба алмасымыз анық. Ел ұйытқысын сақтауда Төле би бабамыздың ынтымақ жайлы осы бір оқиғасы бізге үлкен ғибрат болмақ.
Бала Төле би жасы жүзге келіп отырған Әнет бабамен кездесіп, ел бірлігі туралы әңгіме өрбітеді. Төле би: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» – дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба жауабын айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.
– Балам, мынаны сындырып көрші?
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп, сындыра алмайды.
– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы.
Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:
– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.
Сонда Төле бала:
– Түсіндім, баба! Бұл мысалыңыздың мәні: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да алмайды. Ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәні – осы, – депті Әнет баба.
Алауыздық пен арам пиғыл өршіген бүгінгі заманда еліміздің еңсесін құлатуды көздейтін ішкі, сыртқы күштерді жұмыла біріккен жұдырық болғанда ғана жеңе аламыз. Ахмет Байтұрсынұлы: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген өсиетін негізге алсақ, алар асуымыз әлі де көп болмақ.
Нұрлыбек ШАКИЗАДАҰЛЫ,
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы
«Мұнара» газеті, №3, 2022 жыл