ҚАЛАЛЫҚ МЕШІТТЕРДІҢ ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ 540

ҚАЛАЛЫҚ МЕШІТТЕРДІҢ ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

22 ақпан 2021 172 Оқу 1 минут

Қаңтар айында Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан муфтият тапсырмаларын облыс деңгейінде жүзеге асыру үшін қала, аудан мешіттерінің жылдық жоспарын бекітіп, имамдарды жеке-жеке қабылдаған болатын. Аталмыш жылдық жоспарда Бас мүфти бекіткен 2021 жылы басымдық берілетін 7 бағыт және Қазақстан Республикасының 30 жылдық мерейтойына арналған бірқатар іс-шараларды өткізу тапсырылған болатын.

Осыған орай, Ақтөбе қалалық орталық мешітінде қаланың Бас имамы Нұрлыбек Күзенбаевтың төрағалығымен мазмұнды жиналыс өтті. Қала имамдары мен ұстаздарының басын қосқан бұл жиында жылдық жоспар талқыланды. Нақтылап айтқанда, Ақтөбе өкілдігі тарапынан келген тапсырмалар пысықталып, ҚМДБ бекіткен барлық 7 бағыт бойынша нақты тапсырмалар берілді. Биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, атқарылатын сан салалы іс-шаралар ауқымы айқындалды.

Сонымен қатар қазіргі карантин жағдайын ескере отырып, әрі қарай жүргізілетін жұмыстар жан-жақты пысықталды. Атап айтқанда, онлайн уағыздар, діни дәрістер мен семинарлар жүргізу мәселесі сөз болды. Жылдағы дәстүрден жаңылмай, жақсылықта жарысып, қайырымдылық шараларын өткізу белгіленді.

Діни оңалту бағыты бойынша жұмысты жандандыру көзделді. Жалпы жамағат пен жастар арасында Білім сайыстарын жиірек ұйымдастыру жайы қарастырылды. Сондай-ақ, спорттық іс-шараларды, мысалы: волейбол мен футболдан әртүрлі жарыстар өткізу жоспарланды.

Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі бойынша жалпы ҚМДБ-ның төл басылымдары мен сайтында жарық көрген әртүрлі материалдарды (мақала, сұхбат, уағыз және т.б.) жергілікті жұртшылыққа жүйелі түрде насихаттап, әлеуметтік желілерде дер кезінде таратып отыру тапсырылды.

Сондай-ақ, қала мешіттерінің карантин кезіндегі жалпы сақтық шаралары, тазалығы мен тәртібі, имамдардың киім үлгісі де ұдайы қадағаланып отыратыны еске салынды.

Бір сөзбен, бүгінгі басқосуда Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы Нұрлыбек Шәкизадаұлы бастаған жергілікті дін қызметкерлері биылғы жылдық жоспарларын пысықтап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс межесін белгіледі. Міндет - айқын, жауапкершілік жүгі - салмақты. Асыл дінімізге абзал қызметте ізгі ниетпен жоспарланған игілікті істерді жүзеге асыруда - тек сәттілік!


Г.Төрединқызы,

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің баспасөз хатшысы