Қалалық мешітте жазғы сауат ашу курсы басталды 3379

Қалалық мешітте жазғы сауат ашу курсы басталды

31 мамыр 2024 379 Оқу 1 минут

Әр жыл сайын дәстүрге сай өтетін «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсы Ақтөбе қалалық орталық мешітінде өз жұмысын бастады. 

Жазғы сауат ашу курсының мақсаты- балаларға асыл дініміздің негізгі қайнар көзі мен құндылығын үйретіп, адамгершілік, имандылық тәрбиесін бойларына сіңдіру.

Аталған сауат ашу курста Құран әліппесі , иман негіздері, Пайғамбар өмірбаяны, ислам әдебі бойынша сабақ беріледі. Жазғы демалыс уақытын пайдалы әрі берекелі өткізуді қалаған балаларға мешіттің бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы:

 “Жазғы демалыс кезін мешітке арнап, имандылық дәрістеріне ден қойып келген ниеттеріңе сәттілік тілеймін! Еліне адал қызмет етіп, ата-анасын құрмет қылып сыйлайтын, қоғамға пайдалы азамат болып өсулеріңе шын жүректен тілектеспін,”-деп ыстық ықыласын білдіріп өтті. Сондай-ақ, ата-аналар тарапына да ризашылығын айтып, ізгі ниетін жеткізді.

Аталған жазғы сауат ашу курсы екі маусым бойы жұмыс жасайды. Бастапқы кезең 27-мамырдан 15-маусымға дейін болса, екінші лек 24-маусым мен 13-шілде аралығында өткізілмек. Екінші кезеңге ниет білдіруші ата-аналар мешітке келіп, арнайы өтініш толтыруы қажет. Өйткені, орын саны шектеулі, 30 ер және 30 қыз бала ғана қабылданады. 

Жас шектеуі 9-14 аралығы екендігін естеріңізге саламыз.