Ақтөбе: Қаңтар құрбандарын еске алып, дұға жасады
Бүгін Ақтөбе қаласындағы «Думаш» мейрамханасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қаңтар құрбандарын еске алып, дұға жасалды.
Аталған шараға жергілікті халық пен ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері жалпы 250 адам қатысты.
Еске алу барысында облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы: «Біз, қазақ халқы өткен салауат айтып, Алланың әрбір күнінен жақсылықты үміт еткен жұртпыз. Талай нәубеттерді басымыздан өткердік. Оны сабырлы қалпымызбен, бірлігіміздің арқасында жеңіп келеміз.
Сабырлылық пен тұрақтылық – біздің табан тірейтін тұғырымыз. Өйткені, біз қандай да сынаққа тап болсақ та елдігімізді, бірлігімізді көрсетіп, бір-бірімізге көмектесіп, қамқорлық танытып келеміз. «Қаңтар оқиғасы» кезінде де мемлекетіміздің мүддесі мен болашағы үшін күрескерлік мінезімізден танбадық.
Бүгін «Қаңтар оқиғасы» кезінде қаза тапқандардың рухына Құран аятын бағыштап, ізгі ниетпен құдайы ас беріп отырмыз. Алла Тағала осы оқылған қасиетті Құран аяттарының нұрымен халқымызды, елімізді, жерімізді нұрға бөлегей!»,-деп насихат айтты.
Сонымен қатар облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде жұма намазының алдында «Қаңтар оқиғасының» 1 жылдығына орай қаза болғандардың рухына Құран бағышталып, Құран Хатым дұғасы жасалды.
Одан өзге Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы қасиетті Құран аяттарынан болған сауапты марқұмдардың рухына бағыштап, зардап шеккен отандастарымызға сабыр мен шыдам, жеңілдік сұрап бата қайырды.
Айта кетсек, 1 жыл бұрын еліміздің басына түскен ауыр сынақ, барша қазақ елінің қабырғасын қайыстырды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі