979 ҚАЖЫҒА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ
Қажылық кезінде қазақстандық қажылар арасында ауыр науқасқа ұшырағандар болған жоқ. Бұл туралы Қазақстан қажылық миссиясы дәрігерлер тобының жетекшісі Әбдіжаппар Еркінұлы баяндады.
«Әрине, Мина, Мұздалифа, Арафа жазығында қажылар арасында әртүрлі дертке байланысты медициналық көмекке жүгінгендер болды. Бір қажы диабеттің асқынуына байланысты ауруханаға жатқызылды, қазіргі уақытта жағдайы жақсы. Ал қалған қажылар кішігірім дертке шалдыққаны болмаса, ауыр науқасқа ұшыраған жоқ» деді ол.
Әбдіжаппар Еркінұлының айтуынша, жалпы қажылық барысында 979 қажыға медициналық көмек көрсетілген. Соның ішінде Мина жазығына барған күннен бастап осы уақытқа дейін 768 қажыға медициналық жәрдем берілген.
«Оның 40 пайызы – құлақ, тамақ, мұрын, тұмау аурулары, 23 пайызы – аяқтың қажалуы, 12 пайызы – қан қысымының көтерілуі, 7 пайызы – жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы, 7 пайызы – асқазан-ішек жолдарының ауруы, 4 пайызы буын ауруларының қабынуы және қалғаны әртүрлі жеңіл жарақат, аллергия, күн өту, диабеттің және басқа да созылмалы аурулардың асқынуы болды. Медициналық көмекке мұқтаж қажылардың бәріне тиісті ем-дом жасалды» деді дәрігерлер тобының жетекшісі.
Айта кетейік, Қазақстан қажылық миссиясы құрамында 3 дәрігер бар. Дәрігерлер Әбдіжаппар Еркінұлы, Ардақ Айтбайұлы және Нұргүл Бекова 24 сағат бойы отандастарымызға медициналық қызмет көрсетіп, дер кезінде ем-дом жасады. Сондай-ақ қажылық фирмаларының дәрігерлері де қажыларға медициналық қызмет көрсетті.