Хромтауда Тәуелсіздік күніне зияткерлік сайыс ұйымдастырылды
Тәуелсіздік күніне орай Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен зияткерлік сайыс өтті.
Мемлекеттік Әнұранмен басталған шарада ауданның Бас имамы Марал Иманғали қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, Желтоқсан құрбандарына арнап Құран бағыштады.
Сонымен қатар аудандық мешіттің ұстазы Гүлсара Әлібекқызы шараның мақсатымен таныстырып өтті.
«Кешегі бабаларымыздың қанымен келген егемендіктің баянды болуы – білімді де иманды ұрпақтың жауапкершілігінде. Қазақы отбасының ұйытқысы – ана десек, ана – ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Бүгінгі шарамыздың басты мақсаты – қыз-келіншектеріміздің бойындағы отансүйгіштік қасиетті арттырып, білім көкжиегін кеңейту» - деді Гүлсара Әлібекқызы.
Сайысқа аудандық тарихи‑өлкетану музейінің директоры Нұргүл Аманғалиева мен жеке кәсіпкер, мұғалім Гүлмира Кеукенова қазылық етті.
Қатысушылардың білімдері, тапқырлықтары мен шығармашылық қабілеттері зияткерлік сайыс қызықты да тартысты өтті. Сайыскерлер шара соңында сахналық қойылым қойып, көрермендер мен қазыларды ерекше тәнті етті.
Жарыс қорытындысы бойынша «Егемен» тобы топ жарып, үздік атанса, «Тәуелсіздік» тобы екінші орынға тұрақтады. Қазылар шешімі бойынша «Ұлт рухы» тобы үшінші орынды місе тұтты.
Шара соңында қатысушыларға алғыс хаттар және сыйлықтар марапатталды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі











































