«Тәуелсіздік — теңдігім, егемендік — елдігім» атты рухани кеш өтті
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің жанындағы әйелдер орталығында Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік — теңдігім, егемендік — елдігім» атты рухани-танымдық кеш ұйымдастырылды.
Іс-шара басталмас бұрын ел тәуелсіздігі жолында марқұм болған боздақтарымыздың рухына Құран хатым оқылып, сауабы бағышталды. Әрі жер үшін жанын қиған ерлердің рухына дұға жасалып, Тәуелсіздіктің қадірі мен оның оңайлықпен келмегені насихатталды.
Хатымнан соң мемлекеттік Әнұран шырқалды. Ал Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы Гүлжайнар Мұсақызы тәуелсіздіктің тарихи маңызы, оның бабалардан қалған аманат екендігі және елдік жолындағы күрес жайында тағылымды уағыз айтты. Мешіт ұстазы Айзат Қобланқызы Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының «Анама хат» өлеңін оқыды.
Іс-шара аясында күй шертіліп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы танымдық ақпараттар берілді. Қатысушылар арасында сұрақ-жауап ұйымдастырылып, белсенділік танытқандарға сыйлықтар табысталды.
Кеш қорытындысында ақ жаулықты әже ақ батасын беріп, ел амандығы мен жұрт тыныштығын тіледі. Рухани кеш қатысушыларға тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең ұғындырды. Шараға 50-ге жуық қыз-келіншектер қатысты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі
















































