ЖОСПАРМЕН ӨМІР СҮР!
Кез келген маңызды шаруаның есебі жүргізіледі. Кіріс пен шығыс, табыс пен шығын да жүйеленіп реттеледі. Тек адамның өмірі ғана елеусіз өтіп жатыр. Өмірінің ағысы, өрлеуі мен құлдырауы беймәлім бағытта қозғалуда. Істеген қателігі мен қолынан келген жақсылығын арнайы қойын дәптерге неге жазып жүрмеске? Бұл аракідік жетістігі мен сәтсіздігінің арасын салыстырып, табысы мен шығынын есептеуге мүмкіндік берер еді.
Уақыт – ақша. Жоқ, уақыт одан да құнды. Уақыт жұмсап ақша табуға болады. Бірақ ақшаға уақытсатып алу мүмкін емес. Уақыт – басты капитал. Әр күні берілетін уақытты есеппен жұмса. Ұзақмерзімді жоспар бекіт. Оның ішінде қысқамерзімді сатылы жоспар жаса. Кезеңді түрде орындау арқылы мақсатқа жақындайсың. Тәжірибенің аздығынан орын алған қателіктерді ескеріп, қорытындысына сүйеніп, түзетулер мен толықтырулар жасап тұр.
Судың да сұрауы бар. Әрбір ісі үшін өз-өзінен есеп алу – дініміздің талабы. Мұны ислами тәрбие саласындағы ғалымдарымыз бірауыздан құптаған. Хазреті Омар (оған Алла разы болсын): «Есеп бермей тұрып өз-өздеріңнен есеп алыңдар. Амал-әрекеттерің таразыға тартылмай тұрып, өздерің өлшеп көріңдер. Ертеңгі күннің есебі оңай болу үшін бүгін өздеріңдіесепке тартыңдар. Үлкен есеп күніне қамданыңдар. Ол
күні сендердің ешбір істерің жасырын қалмайды», – деген.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір насихатында: «Ақыл-парасат иесі – өзінен есеп алатын әрі өлімнен кейінгі жағдайы үшін қарекет ететін адам. Ал әлсіз адам нәпсінің қалауына еріп, Алла Тағаладан дәмелі болады», – деген (Термизи).
Алла Тағаладан дәмелі болу – құлшылық жасамай, күнәсі үшін тәубе етпей, жарылқауын сұрау. Ислам ғалымдары адамның өзін бақылауы және есеп алуы тақырыбында көптеген еңбектер жазған. Бұл тақырып, әсіресе, сопылық мазмұндағы кітаптарда ерекше зерттелген. Ибн Мұқаффа арнайы дәптерге оң жағына жақсы, ал сол жағына жаман істерін жазуды ұсынған. Ал Дейл Карнеги тек жаман істерін жазумен шектелген. Оның себебін, қателіктерді түзету болашақта жетістікке жетуге жағдай жасайды деп түсіндірген. Бұл жөнінде: «Жеке кітапханамның сөрелерінде «Істеген ақымақтықтарым» деген арнайы папка бар. Ол папкаға әрбір қателіктерімді жасырмай жазып, тіркеп тұрамын. Олардың кейбірін хатшыма жаздырамын. Ал айтуға ұялатын қателіктерді өзім жазамын. Десе де егер өз-өзіме шыншыл болсам, қателік жазатын дәптерім мұндай жұқа болмас еді. Бір сөре толып тұрған болар еді. Жазбамды ашып өз-өзіме айтқан сындарды оқып шығамын. Алған тәжірибеме сүйене отырып басымнан өткен қиыншылықтан әлдеқайда ауырын еңсере алатынымды түсінемін. Жылдар өтіп, тәжірибем мен ақылым артқан сайын қателіктеріме жалғыз айыпты әрі кінәлі адам өзім екенін түсіне бастадым.
Тағы бір түсінгенім, осындай қорытындыға көпшілік адам келеді екен. Елена аралында соңғы күндерін өткізген француз императоры Наполеон былай дейді: «Жеңіліске жалғыз кінәлі менмін. Менің ең үлкен жауым – өзім», – деген екен. Әйгілі ғалым имам Ғазали былай дейді: «Жас кезімде өзімнен көп есеп алатынмын. Жүрістұрысым мен мінезімдегі ұнамайтын кемшіліктерден арылып отыру үшін шағын жоспарлар дайындап, сол бойынша әрекет еттім. Қойын дәптеріме жазған бір жылдық жоспарды пайдалана отырып, білім және психологиялық сатылардан өтуді мақсат еттім. Бұл әдіс ойдағыдай нәтиже бермеді. Себеп – сабырсыздық. Менің шыдамым жетпеді. Жоспарым таяу арада жүзеге асуын қаладым. Жағдаймен санасқым келмеді. Жоспарым денсаулығы жақсармай жатқан науқастың емделу картасындағы жазбалар сияқты түйілді. Сол мезетте үмітім үзілгендей болды. Шыдамым таусылып, жоспарымды жыртып тастадым».
Бүгін өмірлік тәжірибемнің биігінен қарап отырсам, жоспарымдағы басты қателігім – шыдамсыздық болған екен. Жағдайға өте тар түсінікпен баға беріппін. Әрі бұрыс қырынан қараған екенмін. Санаулы уақытта көп нәтижеге қол жеткізуді мақсат еттім. Бірақ адамның табиғаты мен құбылмалы мінезін ескермеппін. Әрі тосын жағдайларды есепке алмаған екенмін. Қарап отырсам, дауылды кезде теңіздегі адам үшін бір орында аман-есен тұруының өзі ғанибет. Бастысы, суға батып кетпеу. Мұның өзі – жетістік. Міне, осыны мен
білмеппін. Демек жоспар жүзеге асып, жетістікке жетуүшін белгілі дәрежеде сабырлық керек.
Батыстық кәсіпкер әр сенбінің кешінде апта бойы істеген жұмыстарын талдап шығады екен. Әрбір кездесу мен жасалған келісімшарт нәтижесінде қандай тиімді қадам жасалғанын, одан не пайда тапқанын қағазға түсіреді. Қай жерде қателескенін, қандай жетістікке жеткенін саралап шығады екен. Бұл әдісті ол Бенджамин Франклиннен үйренген болуы керек. Алайда Франклиннің жеке есебі өте қатал еді. Ол әр кеште өзінен есеп алатын. Тұрақты есеп нәтижесінде өзінің он үш қателігін анықтайды. Оның ішіндегі ең қатерлі де қауіптісі деп үшеуін белгілейді. Олар: уақытын бекерге зая ету, керек емес ұсақ-түйекпен айналысу және қажетсіз мәселе төңірегінде пікірталасу.
Франклин бұл кемшіліктерден құтылмайынша жетістік туралы ойлаудың қажеті жоқ деген тұжырымға келді. Кемшіліктерімен күресу үшін қойын дәптеріне күнделікті жасаған қадамдарын жазып жүріпті. Бұған екі жылдан астам уақытын жұмсаған екен. Қажырлы да табанды түрде жоспарын жүзеге асырды. Франклиннің ең көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болуының сыры да осында болса керек.
Бір нәрсені дұрыс түсіну қажет. Кемелдікке жету үшін ұзақ уақыт кетеді. Жаман әдеттерден жоспарлы түрде арылу керек. Ескі ғимарат үйіндісінің орнына жаңа үй тұрғызуға аз уақыт кетпейтіні мәлім. Сондықтан адамның қалыптасуы да ұзақ та қажырлы әрекетті талап етеді.
Әрбір қимыл-әрекетін мұқият жазып, кешегі күн мен бүгінді салыстырып, есептеп отырумен дамиды. Сондықтан кешегі күнің ертеңгі күніңе пайдасын берсін десең, жақсылығың мен жамандығыңды жазып, қорытынды шығаруды әдетке айналдыр.
Руслан ҚАМБАР,
РАНТ мүшесі
«Иман» журналы, №7, 2024 жыл