ҚАЖЫЛЫҚ ПЕН УМРАНЫҢ 3 АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
Қажылық пен умра құлшылықтың бірдей түрі деуге келмейді.
Соған қарамастан, ол екеуі бір жерде жасалады, бірақ негізінде екі құлшылық бір-біріне ұқсамайды. Умраны көбінесе «кіші қажылық» деп атайды, бұл жердегі мақсат – парыз болған қажылықтың маңызы мен мәнін көрсету. Қажылық та, кіші қажылық та Меккеге сапармен басталып, ихрам кию, Қағбаға тауап ету, Сафа мен Маруа жоталары арасында жүгіру және шаш алу секілді бірқатар діни ғұрыптармен ұштасады. Алайда бұл екі құлшылықтың ұқсастықтары осы амалдармен аяқталады.
Айырмашылығы неде?
Қосымша жасалатын рәсімдер
Жоғарыда аталған рәсімдерді кіші қажылықпен қатар үлкен қажылық уақытында да жасайды, дегенмен, тек үлкен қажылық кезінде ғана жасалатын рәсімдер де бар.
Мәселен, Мина жазығында бірнеше күнге қалу, Мұздалифада түнеу, Арафа тауында тұру. Ал кіші қажылықта орындалуы тиіс рәсімдер бірнеше сағат ішінде аяқталады, сондықтан умраны «кіші қажылық» деп атаған. Ал қажылықтың рәсімдерін толық атқаруға кем дегенде 4 күн, 3 түн өтеді.
Уақыт шектеулері
Қажылық пен кіші қажылықтың тағы бір айырмашылығы – уақыт. Баршаға белгілі, үлкен қажылық тек Зул-Хижжа айында жасалатын болса, кіші қажылықты жылдың кез келген мезгілінде жасауға болады.
Исламдағы дәрежесі
Қажылық пен умраның Ислам дініндегі орны да әртүрлі. Қажылық бес парыздың бірі.
Алла Тағала «Әли- Имран» сүресінің 97-аятында:
«..Алланың үйін зиярат етуге шамасы жететін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы»,- деген.
Абдулла ибн Омар Алла Елшісінің ﷺ:
«Ислам бес парызға негізделген – Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед Оның елшісі екендігіне куәлік сөзін айту, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару мен рамазан айында ораза ұстау»,- деп айтқанын жеткізген.
Ендеше, мұсылман ғалымдарының көзқарасы бойынша мүмкіндігі бар әрбір мұсылманға өмірінде бір мәрте қажылық жасау міндеттелген. Ал умраға келер болсақ, оны орындау парыз болып табылмайды, дегенмен, сүннет амалының қатарына жатады.
Қажылықтың «тәмәттуъ» деп аталатын түрі бар. Қажылықтың бұл түрінде ең әуелі умра жасалады да, артынан парыз болған үлкен қажылық құлышылғын орындайды. Осылайша екі түрлі құлшылықты қатар орындау арқылы сауап жинау мүмкіндігі туады.