«Әжелер мектебі» семинары өтті 3214

«Әжелер мектебі» семинары өтті

16 ақпан 2024 1336 Оқу 1 минут

ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әжелер мектебі - ұлттық құндылықтың қайнар көзі» атты семинар өтті. Семинарда сөз бастап сөйлеген «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Серікжан Еншібайұлы ұрпақ тәрбиесі қазіргі таңда ең маңызды мәселенің бірі, оның ішінде қыз тәрбиесі алдыңғы орында болу керек екенін атап өтті. Қыз балаларға ұлттық салт дәстүрді бағалап, туған жерін, шаңырағын ардақтайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулу алғашқы буынның міндеті, яғни, сіздер мен біздер деп, ата-баба дәстүрін сақтай отырып, имани тәрбие мен дініміздің асыл қасиеттерін бойларына сіңіруде ақ жаулықты әжелерміздің алатын орны орасан зор екенін атап өтті.

Сөз кезегінде облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадман аналардың исламдағы мәртебесі туралы сөз қозғап, баланың өмірінде ананың орны маңызды рөл атқаратынын, ананың балаға деген дұғасы әрдайым қабыл екенін, ата-ананың , оның ішінде ананың орнының жоғары екенін айтты.

ҚМДБ бекіткен «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасы бойыншы биыл салт дәстүр бағытында көптеген іс шараларды өткізу жоспарымызда бар. Осы орайда «әжелер мектебі» халқымыздың дүние танымына сай исламды дәріптейтін іс-шараларымызға белсенді атсалысуы қажет деп білеміз. Құрметті, ақ жаулықты аналар! Өнегелі істерді өрістету барысында сіздердің қолдауларыңызды күтеміз» деді облыстағы сектор жетекшісі Кенжегул Қошқарова.

Іс шара соңында «әжелер мектебінің» белсенді мүшелері игі жоспарларды қолдайтынын білідіріп, алғыс айтып, батасын берді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі