«Жат ағым жарға жығады»: Ақтөбеде дін мамандарының семинар-кеңесі өтті
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінде облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен облыстық дін істері басқармасына қарасты «Ихсан» орталығының ұйымдастыруымен «Жат ағым жарға жығады» атты имамдар мен теологтар арасында тәжірибе алмасу семинар-кеңесі өтті.
Ауқымды басқосуға өңірдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету және жат ағымдардың алдын алу бағытында еңбек етіп жүрген білікті мамандар қатысты.
Шара барысында қатысушылар елдің тыныштығы мен бірлігін, қоғамдағы рухани татулықты нығайтуға қатысты өзекті ойларымен бөлісіп, екі мекеме арасындағы ортақ іс-қимыл жоспарларын бекітті.
Сонымен қатар Ақтөбе өңіріндегі деструктивті діни ағым өкілдерімен жұмыс істеудің жаңа жүйелі тетіктерін құрды. Ресми отырыс аясында мамандар деструктивті діни ағымдардың белгілері, олардың қоғамға тигізетін кері әсері және алдын алу бағытындағы тиімді әдіс-тәсілдер жөнінде өзара пікір алмасты.
Одан өзге тұрғындармен, әсіресе жастармен жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, халықтың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Жұмыс кеңесінің қорытындысы бойынша имамдар мен теологтар өзара ынтымақтастықты нығайтып, тұрақты түрде тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыруға келісті.
Дін мамандарының семинар-кеңесінің қорытындысында өңірдегі діни ахуалды сауықтыру, теріс діни көзқарастардың алдын алу және дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарды бірлесіп жалғастыру туралы ортақ шешім қабылданды.
Ақтөбе облыстық орталық
Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі










































