Ақтөбе: «Мөңке би атындағы көпір» ашылды 811

Ақтөбе: «Мөңке би атындағы көпір» ашылды

08 қыркүйек 2021 197 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданы, Қарғалы ауылында ҚР Тәуелсіздігіне 30 жылдығына орай Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің мұрындық болуымен, Ақтөбе қалалық маслихатының депутаты Ардақ Өтегеновтың демеушілігімен «Мөңке би атындағы көпір» ашылды. 

Мұндағы мақсат – мешіт салу ісімен қатар, халық мұқтаждығын өтейтін көпір салу ісін де сауапты амал ретінде насихаттау.

Шараға Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан қажы Еншібайұлы, Ақтөбе облысы «Nur Otan» партиясының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов, Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Әміржан Оразғалиев, Мөңке би ұрпағы Садақбай қажы Өтегенов, Ақтөбе қаласы маслихатының хатшысы Анар Даржанова, Ақтөбе қаласының Бас имамы Нұрлыбек Күзенбаев, қалалық маслихаттың депутаттары, БАҚ өкілдері мен Қарғалы ауданының тұрғындары қатысты.

Игі бастаманың демеушісі Ардақ Өтегеновтың айтуынша, аталған көпір салу жұмыстарына 5 миллионнан аса қаржы жұмсалған. Құрылыс жоспары мен салуына 3 ай уақыт кеткен.

«Мөңке бидің ұрпағы ретінде халық мұқтаждығын өтейтін көпір салу ісін де сауапты амал ретінде үлес қосуды ниет еттім» – деп Ардақ Өтегенов сұхбат берді.

Қарғалы ауданының тұрғындары Гүлзира Қалымбет (2007 жыл ) пен Тамара Мұхамедиярова (2010 жыл): «Бұрын тұрғындар өз күшімен ағаштан жасап алған «қылкөпір» талай адамды әбігерге салып, әсіресе мектепке қатынайтын балалар үшін үлкен машақат туғызатын. Қалаға қатынауымыз аса ауыр болды. Міне, ҚМДБ-ның Ақтөбе облыстық өкілдігінің мұрындық болуымен Қарғалы өзені бойына салынған жаңа көпір енді тұрғындардың қуанышына айналып отыр. Тұрғындар тарапынан «Нұр Ғасыр» мешітінің басшылығы мен қалалық маслихатының депутаты Ардақ Өтегеновке ризашылығымызды білдіреміз",- дейді.

«Адам баласының бойындағы асыл қасиеттерінің бірі – қайырымдылық. Ол Отанын, отбасын, дінін, тілін құрметтейтін, ұлттық рухы жоғары азаматқа ғана тән. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешіт салу, құдық қазу секілді көпір салу ісі де сауапты амалдардың қатарына жататындығын айтып, сүйіншілеген. Көпір ауыл мен ауылдың, елді мекендердің арасын жалғап, халықтың мұқтаждығын өтейді. Осы орайда сауапты іске атсалысқан жанашыр азамат Ардақ Өтегеновке ризашылығымызды білдіріп, еңбегіне береке, отбасына амандық тілейміз. Өзгеде қалталы кәсіпкерлерді осындай жақсылықтың жаршысы болуға шақырамын» - депі Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы маңыздылығына тоқталды.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі