ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ 2874

ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

04 тамыз 2023 47 Оқу 1 минут

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

 Аллаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

 Асыл дініміз Ислам адамзатты бейбітшілікке, татулық пен бірлікке, ғылым-білімге, өзара мейірімділікке насихаттайтын дін. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында:

يَاأَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Уа, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірлеріңді танысын деп түрлі ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Алла Тағала алдындағы ең абыройлыларың – тақуа болғандарың. Шын мәнінде, Алла – барлық нәрсені толық білуші, барлығынан толық хабардар», – деп айтқан.

       Қазақ даласына Ислам діні келгеннен бастап халқымыз осы уақытқа дейін имам Матуриди ақидасын, имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанып келді. Бұл олардың бірлікте болуына, адасып, түрлі жат ағымның жетегінде кетпеуіне басты себеп болды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын әркез бірлікке үндеп, жік-жікке бөлініп, дұшпандық қылудан сақтандыратын. Хадис шәріпте:

      أُوْصِيْكُمْ بِتَقْوَى اللهِ عَزَّ وَ جَلَّ وَالسَّمْعِ وَالطَّاعَةِ وَإِنْ تَأَمَّرَ عَلَيْكُمْ عَبْدٌ فَإِنَّهُ مَنْ يَعِشْ مِنْكُمْ فَسَيَرَي اخْتِلاَفًا كَثِيْرًا فَعَلَيْكُمْ بِسُنَّتِي وَسُنَّةِ الخُلَفَاءِ الرَّاشِدِيْنَ المَهْدِيِّيْنَ

«Ұлық Алла Тағаладан қорқыңдар! Егер сендерге құл әмір болса да, оны тыңдаңдар және оған бойұсыныңдар. Расында, араларыңдағы көп өмір сүргендер көп ұрыс-керіске (фитнаға) тап болады. Сондықтан сендерге еш ауытқымай менің сүннетімді және дұрыс жолмен жүрген діндар халифалардың сүннетін ұстану керек», – деп айтқан (имам Термизи).   

Бұл хадисінде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына дінді бұрмалаушы ағымдардың шығатынын ескертіп әрі олардан сақтанудың жолдарын баяндаған. Қазіргі күнде де әр мұсылманның дінінде берік болып, дінбұзар жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтанып жүруі аса маңызды. Жат ағымның теріс насихатына ермес үшін  әрбір адам мынадай амалдарға назар аударуы тиіс:

 Бірінші: Дінді білім арқылы тану

Жастарымыздың жат ағым жетегінде кетуінің ең басты себебі – діни сауатсыздық. Діни сауаты төмен адамның түрлі ағымдардың сөзіне еріп, алдауына көніп қалуы оңай. Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш уахи етіп түсірген аяттарында:

اِقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ . خَلَقَ الْإِنْسَانَ مِنْ عَلَقٍ . اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ . الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ . عَلَّمَ الْإِنْسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ .

«Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді», – деп оқуға бұйырды («Ғалақ» сүресі, 1-5 аяттар).

Бұл аяттардан оқудың, білім алудың дініміздің ең басты талаптары екенін ұғамыз. Жат ағым өкілдері діни сауаты төмен адаммен тілдескенде қасиетті Құранның астарлы мағынада келген аяттарын тікелей мағынада түсіндіріп не қате бұрмалап талдау жасау арқылы өз қатарына тартуға тырысады.

Сондықтан жат ағым жетегінде кетуден сақтанудың ең негізгі жолы – діни сауатты арттыру. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис шәріпте:

طَلَبُ العِلْمِ فَرِيْضَةٌ عَلَىْ كُلِّ مُسْلِمٍ

«Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – деп, білім алудың әрбір ер және әйел мұсылманға міндет екенін айтқан (имам Ибн Мәжа).

Демек діни сауат ашуды қалаған адам немесе көкейіндегі сұрағына жауап алғысы келген кісі діни мағлұматты интернет желілеріндегі белгісіз тұлғалардан емес, мешіт имамдарынан сұрағаны, бекітілген ұстаздардан үйренгені аса маңызды.

Жат ағым – адам денесіндегі дерт іспетті. Қай жерде әлсіздік болса, қай жерде сақтану, алдын алу шарасы болмаса, сол жерді дерт меңдейді. Сондықтан әр азамат дұрыс діни ақпараттармен өзінің білімін күшейтіп, дінді сенімді қайнар көздерінен үйреніп, рухани сүзгі қалыптастырса, теріс ағым ықпалынан сақтана алады.

 Екінші: Бірлікте болу

Біз – «Әһлу сүннет уәл-жамағат» жолын, Матуриди ақидасын, имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанып келе жатқан халықпыз. «Әһлу сүннет уәл-жамағат» деп ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті мен мұсылман жамағатымен бірге жүретін мұсылман үмбеті деген мағынаны білдіреді. Алла елшісі хадис-шәріпте:

إِنَّ أُمَّتِي لَا تَجْتَمِعُ عَلَى ضَلَالَةٍ، فَإِذَا رَأَيْتُمُ اخْتِلَافًا فَعَلَيْكُمْ بِالسَّوَادِ الْأَعْظَمِ

«Шын мәнінде, менің үмбетім адасушылықта бас қоспайды. Егер қарама-қайшылық көрсеңдер міндетті түрде қара топпен (яғни көпшілікпен) бірге болыңдар», – деген.

Әһлу сүннетте екі ақида мектебі бар: Матуриди және Әшғари. Ал фиқһта 4 мектеп бар: Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали. Жер бетіндегі барша мұсылманның басым көпшілігін 4 мәзһабтан тұратын сүнниттер құрайды.

Қазіргі кезде әлемдегі сүннит мұсылмандардың жартысынан көбі Ханафи мазһабын ұстанады. Ал ханафилердің басым көпшілігі имам Матуридидің бір жүйеге келтірген сенім негіздерін басшылыққа алады. Біздің ата-бабаларымыз да Матуриди ақидасын, Ханафи мәзһабын ұстанды. Бір сенім, бір мәзһабта болғаннан кейін дін мәселесінде қазақ даласында талас-тартыстар болған емес. Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты барлық мешіттерде имамдарымыз уағыз-насихаттарын, діни рәсімдерді имам Матуриди ақидасына, Ханафи мәзһабына сай жүргізеді. Біз де дініміздің өркендеуін, қоғамымыздың тыныштығын шынайы қаласақ, бір мәзһабтың аясына жұмыла білуіміз қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 103-аятында:

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللهِ جَمِيعًا وَلاَ تَفَرَّقُوا

«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер», – деп, мүминдерге бірлікте болуды бұйырған

Денені құрайтын ағзалар бірігіп дұрыс жұмыс жасағанда  ғана дене сау болатыны сияқты, қоғамның мүшесі саналатын адамдар өзара бауырмалдық пен бірлікте болса, қоғам өркендеп, гүлденеді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Аққу, шортан һәм шаян» мысал өлеңінің соңын:

Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,

Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас.

Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,

Істеген ынтымақсыз ісің оңбас, – деп түйіндеген.

 Үшінші: Дәстүрімізді құрметтеу

Ата-бабамыздың сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінін жоққа шығару, салтымыз бен ғұрпымызды мойындамау – жат ағым өкілдерінің бойында кездесетін жағымсыз әдет. Олар салт-дәстүрімізді «бидғат» (дінге кейіннен енгізілген жаңалық) деп таниды. Ал расында Ислам әлемдік дін болғандықтан, ол адамзат қауымына ақиқатты танытып, әрбір ұлт пен ұлысқа өзінің салт-дәстүрін сақтай отырып, ізгілік жолымен жүруді насихаттайды. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араб халқының Исламға дейінгі дәуірдегі шариғатқа қайшы келмеген әдет-ғұрыптарының сол қалпында қолданылуына тыйым салмады. Тіпті Ханафи мәзһабында шариғат ережесіне сай келген ғұрып шариғи дәлел ретінде қарастырылады. Ғалымдарымыз бұған қатысты қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 199-аятындағы:

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

«Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деген аятты алға тартқан.

Айша (оған Алла разы болсын) анамыздан мынадай хадис жеткен: «Бірде Әбу Суфиянның әйелі Хинд Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Әбу Суфиян – сараң адам, егер мен оның рұқсатын алмайтын болсам, ол маған және бала-шағама жететіндей нәпақа бермейді», – деді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خُذِي مِنْ مَالِهِ بِالْمَعْرُوفِ مَا يَكْفِيكِ أَنْتِ وَوَلَدَكِ

«Өзіңе әрі балаңа ғұрыпқа сай жететін нәрсені ал», – деп жауап берді» (имам Бұхари, Мүслим).

Бұл хадиске қатысты имам Нәуәуи «Сахих Мүслим» кітабына түсініктеме бергенінде: «Шариғатта нақты айтылмаған мәселелерде, салт-дәстүрге сүйену керек», – деп жазған.

Әлімсақтан мұсылман болған халқымыз діні мен дәстүрін әркез қадірлеп, осы екі қасиетті ұғымды ғасырдан ғасырға ұштастыра білу арқылы Құдайға деген құлшылығын жасап, дархан мінезінен таймай, ұрпағын ізгілікке тәрбиелеп келген. Халқымыздың жадына сіңген бұл екі қасиетті ұғымды ешкімнің жоққа шығарып, жат пиғылын насихаттауына рұқсат жоқ. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нұр» сүресінің 27-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَدْخُلُوا بُيُوتًا غَيْرَ بُيُوتِكُمْ حَتَّى تَسْتَأْنِسُوا وَتُسَلِّمُوا عَلَى أَهْلِهَا ذَلِكُمْ خَيْرٌ لَكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ

«Уа, иман еткендер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алмайынша әрі үй иесіне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін әрине қайырлы», – деп айтқан.

Бұл аяттағы «үй» деген сөзді «мемлекет» деп түсінуімізге болады. Өйткені Қазақстан баршамыз мекен ететін ортақ шаңырақ дейтін болсақ, мұнда келетін қайсыбір адам, арнайы рұқсатпен кіріп, жергілікті заңға бағынып, халықтың діні мен салт-дәстүріне құрмет танытуы қажет.

Қадірменді жамағат!

Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының: «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, Оны бөліп, дұшпандық қару жасар», – деп айтқанындай, жамағатты жік-жікке бөлу, іштей ыдырату, өздерін ғана шынайы мұсылман тұтып, өзгелерді адасқан санау, уағыз-насихаттарын жасырын жүргізу – жат ағымның сипаты.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уағызына ілесіп, тура жолға түсушілер саны Меккеде арта бастады. Бұл жағдайға алаңдаған дін жаулары Алла елшісінің немере ағасы Әбу Тәліпке келіп: «Бауырыңа айт! Егер ол осы уағызы арқылы дүние табуды қаласа, біз оған қалағанынша мал-дүние берейік. Егер ол билікті қаласа, Меккенің шешімді сөз айтар тұлғасы етейік. Егер әйелдің көңілін табуды қаласа, ең сұлу қызға үйлендірейік. Тек мына уағызын тоқтатсын, біздің пұттарымызды жоққа шығармасын» – дейді. Мұны естігенде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла атымен ант етемін! Оң алақаныма күнді қойып, сол алақаныма айды қондырып берсе де, мен бұл дінімді уағыздауды тоқтатпаймын!» – деп өзінің ұстанған жолын ашық жария етеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы да ашық әрі айқын. Біз ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ұстанып келген «Әһлу сүннет уәл-жамағат» жолын, Матуриди ақидасын, Ханафи мәзһабын ұстанамыз. Қазақстан аумағындағы барлық мұсылмандарды береке-бірлігіміз сақталып,  түрлі ағымнан сақтануымыз үшін осы ұстанымда болуға шақырамыз.

 

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға әрдайым тыныштық нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі